Елордалық полицейлер ағылшын тілін еркін меңгеретін болады

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Ішкі істер департаментінен хабарлады.

««ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында елордалық полицейлерге қоғамдық тәртіпті сақтау және қаладағы криминогендік жағдайды бақылау бойынша үлкен жауапкершілік жүктеледі. Тәртіп сақшылары өзге елдердің тәжірибесін қолдануы керек, соның ішінде елордаға келетін шетел азаматтарын тіркеу рәсімін жеңілдетіп, көшелердегі, үйлердегі, оқу және медицина мекемелеріндегі бейнебақылау камераларының санын арттырып, шет тілдерін үйрету жұмыстарын белсенді жүргізу қажет», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев Астана қаласы ІІД-нің 2013 жылғы жедел қызметінің қорытындысы бойынша өткен отырыста.

Сонымен қатар, ол полиция жұмысына қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңашылдықтар енгізу керек екендігін атап өтті. Генерал-майор мектеп инспекторларының жұмысын күшейту қажеттілігіне баса назар аударды. Вице-министрдің айтуынша, олар тек мектептерде ғана емес, сондай-ақ қалалық колледждердегі жағдайды да бақылауы тиіс.