Елтаңбадағы «Қазақстан» сөзі латын әліпбиімен жазылады

Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құжат сайлау тетіктерін, оның ішінде жаңа институттар енгізу арқылы жетілдіруге арналған.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға мынандай құқықтық ережелер енгізіледі:

- аудандық деңгейдегі (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ) әкімдерді тікелей сайлау енгізіледі;

- партиялар тізімдері бойынша сайланатын мәслихат депутаттарын сайлаудың тепе-теңдік жүйесі бекітіледі;

- округтік сайлау комиссиялары таратылады;

- ауылдық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауға көшірілуіне байланысты аумақтық сайлау комиссияларына ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауды ұйымдастыру және оны өткізу жөніндегі өкілеттіктер берілетін болады;

- аумақтық сайлау комиссиясының екі мүшесіне өкілеттікті кәсіби деңгейде жүзеге асыратыны туралы ереже енгізіледі;

- сайлау үдерістеріне цифрландыру бөліктері, оның ішінде сайлаушылар тізімін цифрландыру енгізіледі;

-электронды бұқаралық ақпарат құралдарына сайлау алды насихат жүргізу реттеледі;

- халықаралық байқаушыларды тіркеуді кері шақырып алу тәртібі нақтыланады.

Заң жобасымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына Мемлекеттік Елтаңбаға «Қазақстан» жазуын латын әріптерімен жазуды көздейтін түзету енгізіледі.

Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.


Заң жобасы заңнамалық актілерді «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасымен сәйкестендіру мақсатында әзірленген болатын.

Бес заңнамалық актіге:

Бюджет кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.

Заң жобасымен мынандай негізгі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі:

- сайлаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелерін жергілікті бюджет есебінен оқыту енгізіледі;

- сайлауға қатысатын үміткерлердің, саяси партиялардың үгіт-насихат материалдарын жария ету немесе эфирге шығару тәртібінің бұзылуына, сондай-ақ сайлауға байланысты қоғамдық пікір сұрау шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленеді;

- ауылдық деңгейдегі әкімдердің лауазымға сайлануы мен өкілеттігін тоқтатуы тәртібі айқындалады.

Заң жобалары Палаталардың қарауына жіберілді.