"Елу жыл бір әйелмен тұру не деген азап": Белгілі актер Асанәлі Әшімов не айтқысы келді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.  

Аталған мақала  2015 жылы 28 қаңтарда "Егемен Қазақстан" басылымында шыққан. Қысқасы ондағы атышулы сөз мынадай:

Қалтай Мұхамеджанов ағамыз: «Креслоға отырғызып қойып, екі сағат сені мақтағанда, құдай-ай, соған шыдап отырудың өзі бір батырлық» деуші еді. Мен 75 жасқа толып, салтанатты жиын өткенде ел-жұрт шығып Оразбаевтың жасаған ролдерін, шеберлігін айтып жатты.Бір кезде бірге оқыған досым Асанәлі шықты мінбеге:

- Бәрің мақтадыңдар Оразбаевты, ал енді мен кемшілігін айтайын,-деді. Жұрт елең ете қалды.

- Бұл кісі 50 жылдан бері театр сахнасында қызмет жасап келе жатыр. Қанша сұлуларды құшақтады, құшты. Қаншасымен сүйісті. Мұның кемшілігі – сонша сұлулармен бірге жүріп, бірге ойнап-күліп, осы уақытқа дейін бір-ақ әйелмен өмір сүріп келе жатқандығы. Не деген азап. Мұның бар айтатыны – «әйелдердің бәрі бірдей немесе тоқал иттің құйрығы» деп келетін әлгі бабасының пәлсапасы. Оразбаев сол «иттің құйрығынан қорқатын болуы керек – деді. Жұрт қыран-топан күліп жатыр.