Ембі полигоны Қазақстанның әскерилеріне қажет емес - ҚР Қорғаныс министрлігі

Ембі сынақ полигоны Қазақстанның әскери мақсаттары үшін пайдаланылмайды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта жоспар бойынша бұл полигонның учаскелері толықтай Ақтөбе облысы әкімдігінің қарамағына беріледі. Ары қарай оны ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбаларды өндіру үшін пайдалану көзделіп отыр. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі өзінің әскери дайындығында полигон жерін пайдалануды ескеріп отырған жоқ»,-деді Мұхтаров. Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілісте палата депутаттары «1995 жылғы 20 қаңтардағы ҚР мен РФ арасындағы Ембі полигонын пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімінің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Ембі сынақ полигонын жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы ҚР мен РФ арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Осы Хаттамаға 2016 жылғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылды. Құжатта Ембі сынақ полигонын жалдау және пайдалану тәртібін реттейтін халықаралық шарттардың қолданысы тоқтатылады. Сондай-ақ Ресейге уақытша пайдалануға берілген жер телімдерін, жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктерді қабылдау жөніндегі қажетті шараларды жүргізу көзделген. Мұхтаров аталған полигон ядролық сынақ алаңы санатына жатпайтынын, сондықтан да тұрғындар мен жергілікті билік органдары тарапына қандай да бір аурулардың туындауына байланысты шағымдар түспегенін атап өтті.