Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол "Әңгіме бар" бағдарламасына берген сұхбатында балаларының әкесі бір жылдан бері хабарласпағанын айтты.
"Бір жыл бұрын кететін кезде "Бәрі жақсы болады, келемін, үйге домбыра алдырып қой. Күнде кешке балаларға домбырамен ән айтып беремін" деп кеткен. Бірақ, бір жыл болды ол кісі жоқ. Өзім ағасына, інісіне жазып, байланысқа шығуға тырыстым. Балаларға да мүлде хабарласпайды", - дейді ол.
Ләззәт Мырзаш сұхбат барысында өзін төрт рет шаңырақ көтерген Омар Жәлелдің екінші әйелі ретінде таныстырды.
"Менің білуімше, ол кісі төрт рет үйленді. Мен екінші жұбайымын. 2019 жылы Стамбулға келіп, сол жақта ұсыныс жасап, бірінші әйелінің рұқсатымен деп айтты. Біз некелескенде Түркияның Конья қаласында оқып жатқанмын. Астанаға көшіріп алды. Сол кезде аэропорттан Омар мен оның бірінші жұбайы Меңдігүл күтіп алып, жайғастырды. Сол кезде Меңдігүл өзінің шартын қойды. "Ұл туғанға күн туады, бала таппай жатып сені ағайын туыспен таныстырмаймыз, араласпайсың. Әке-шешеңнің алдына да бармаймыз" деді. Омармен сөз байласқанымыз басқаша еді. Елге келгеннен кейін ата-анамның алдына баратын болған. Мен жолдағы жетім қыз емеспін деп оған қарсы келдім. Кейін сол қарсы келгенімді бетіме басатын болды. Омардың бірінші жұбайынан екі ұлы бар. Мен бала көтергеннен бастап бірінші әйелі күндестік таныта бастады. "Қайдан келдің сол жаққа кет" деді. Мен Астанада әйелдерге психологиялық семинар ұйымдастырып жүрдім. Сол жаққа келіп, аяғым ауыр кезде "Омекеңе үшінші әйел алып бердім" деді. Алған үшінші әйелін Ақтаудан көшіріп әкелді. Ол әйелді ағайын-туыспен таныстырған, үлкен ұлының тойына шақырған. Үйіме Омар бірінші және үшінші әйелдерімен келіп "Түркияға кет" деді. Қалай алып келдің солай апарып таста дедім. Мені Кайсериге апарды", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол Омар Жәлелді "адамның тағдырымен ойнағаны үшін" сотқа беріп жатқанын айтты.
"Адамның тағдырымен ойнағаны үшін сотқа беріп жатырмын. Бірінші баладан кейін мені қуып жіберді. Қызым 4,5 ай болғанда Омар келді, кешірім сұрады. "Бәйбіше екеуіңнің араларында жүремін, басқа әйел алмаймын" деп ант берді. Уәдесіне сендім. Ковид басталып кетіп, Түркияда қалып қойды. Сол уақытта екінші баламыз туылады. Елге келіп менің ата-анамның алдынан өттік. Қайтадан Түркияға кеттік. Ол жақта Омардың асқазаны ауырып, елге барып емделемін деп кетіп, емші әйелді төртінші әйел қылып алды. Бұл кісі бір кеткеннен нүктесін қойып кетпейді, қайта оралып тұрады. Бала-шағаға қарай алмаймын, жауапкершілік алмйамын, босқа үміттеніп күтпеңдер деп бізге байланысқа шығып айту керек", - дейді Ләззәт Мырзаш.