Маусымның 26-сы күні Алматыда Мақатаев пен Масанчи көшелерінің қиылысында автобус апаты орын алып, бір адам қаза тапқан еді. Бұл оқиға қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Адам өліміне әкелген жол апатына жеңіл автокөлік жүргізушісі кінәлі болып табылды. Көлікті танымал қазақстандық продюсер тізгіндеген. Ол жол қиылысына шығып кетіп, автобуспен соқтығысқан. Қатты жылдамдықпен келе жатқан қоғамдық көлік дүкенге соғылып, тоқтады. Салдарынан жолаушылардың бірі қаза тауып, 25 адам жарақат алды.
28 жастағы Әнел Сартаеваның адвокаты ол өзінің кінәсін халық алдында мойындағанын мәлімдеді. Сондай-ақ оқиға кезінде зардап шеккендерге көмектесіп, қашып кетуге тырыспағанын айтты.
Бойжеткен заңға бағынғандықтан осы әрекеттерге барды, деп жазды Дина Таңсәрі.
"Тергеу амалдары және сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасуда. Алайда ол бірден қамауға алынды. Заң бойынша бұлтартпау шарасының балама түрлері бар. Мысалы кепілдік беру немесе үй қамағына алу. Оның басты себебі - төрт айлық емізулі бала.
Осы тұста "қоғамдық резонанс" құқық қорғау органдарының жұмысына әсер еткені байқалды. Шуды басу үшін жай ғана әйелді қамауға алды. Заң неге жұмыс істемейді? Олар үшін заңның үстемдігі мен адам құқығын қорғау бірінші кезекте тұруы керек.
Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған Әнел Сартаева кішкентай баласын сол жерде емізуге мәжбүр. Ал қасақана кісі өлтірген немесе зорлаған қылмыскерлер әлі де бостандықта жүр.
Мысалы, екі жыл бұрын ер адам жаяу жүргіншілер жолағында кішкентай баланы қағып кеткен. Қызға бес операция жасалды, оның ішінде екі нейрохирургиялық операция. Бірақ істі жаба салды. Ер адам бостандыққа шықты.
Сонымен қатар дәл қазір Лиза Пылаеваның өліміне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Бес жыл болды. Айыпталушылар сотқа үйлерінен жайлы көліктермен келіп жүр.
Ал мына жағдайда заң қарсы жұмыс жасап жатыр. Әнел Сартаеваның кінәсі дәлелденсе, жазасын алатыны анық. Сондна анасымен бірге баланы да жазалау керек пе? Заң бойынша ол үй қамақта баласының қасында болуға құқылы.
Жақында ғана отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын заңнамалық тұрғыдан бекіттік. Бірақ іс жүзінде біз мүлдем басқа нәрсені көріп отырмыз", - деді Дина Таңсәрі.
Қоғам белсендісі адам құқықтары жөніндегі уәкілмен кездесіп, осы мәселені көтерді. Әйелге қатысты бұлтартпау шарасын қайта қарауды талап етті.