Емтиханды тапсыру үшін кейбір студенттердің қанша пара беретіні анықталды

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында «STOP Қылмыс» жобасы аясында жүргізілген «Таза сессия» акциясында мәлім болды. 

Бүгін Партиялық бақылау комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесі және «Жас Отан» жастар қанатының бірлескен отырысы өтіп, онда жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды.

«Мәселен, бір жоғары оқу орнында пара беріп, 12 000 теңгеге бір пәнді, ал кейбір оқу орындарында осы сомаға сессияны толығымен жабуға болады. Еліміз бойынша орташа алғанда сессияны тапсыру үшін 29 мың теңге көлемінде пара беріледі екен. Бір пәнді жабу үшін шамамен 5000 теңге қажет»,делінген Жастар қанатының мәліметінде.

Белгілі болғандай, курстық жұмысты сатып алудың бағасы еліміз бойынша 13 000 теңге көлімінде, ал оның ең арзан нұсқалары 2000-3000 теңге тұрады.

Айта кетейік, жоғары оқу орындарында жемқорлық фактілерін анықтауға бағытталған «STOP Қылмыс» жобасы аясындағы анонимдік сауалнама 26 мамыр мен 10 маусым аралығында жүргізілді. Акцияға Қазақстандағы 62 ЖОО-дан 1 200 мың адам қатысқан. Анкеталауға қатысқандардың орташа жасы 20-да. Респонденттердің 93,4 пайызы - бакалавриатта, 5,2 пайызы - магистратурада, 1,4 пайызы - докторантурада оқиды.