Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Енді оны 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі талқыланып жатыр. Бастама халықтың көңілінен шыққаны рас, алайда оның жүзеге асу мерзімі мен нақты тетіктері әлі белгісіз. Caravan.kz медиа порталы биліктің ұсынысы мен сарапшылардың ойымен бөліседі.
Шешім бюджетке байланысты
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин бұл бастама үкіметтің күн тәртібінде және есептеу сатысына жеткенін растады.
«Біздің міндетіміз жақын арада ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу. Бірақ бұл ең алдымен бюджет мүмкіндігіне байланысты», — деді ол.
Қазіргі таңда бұл мәселе есептеу және талдау кезеңінде. Мемлекет бюджет кірістері мен шығыстарын қайта қарап, шешім қабылдауға дайындалып жатыр.
Неге бұл мәселе қазір өзекті болып отыр
Қазақстанда ең төменгі жалақы соңғы үш жылда өзгермеген. Осы уақыт ішінде инфляция деңгейі өсіп, халықтың сатып алу қабілеті төмендеді. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық еңбек стандарттарына сәйкес ең төменгі жалақыны медиандық табыстың 50 пайызына дейін көтеру міндеттемесін қабылдаған. Есеп бойынша көрсеткіш 150 мың теңгеге сәйкес келеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер уақыт талабы, сондықтан шешім қабылданса, көптеген азаматтың жағдайы жақсармақ. Әсіресе, 1 миллионға жуық адам оның әсерін сезінеді. Яғни төменгі жалақы алатын немесе соған жақын табысы бар азаматтар.
«Ең төменгі жалақы өзгерсе, бүкіл жалақы құрылымы да өзгереді. Бұл тек бір деңгей емес, тұтас жүйеге әсер етеді», - дейді қаржы сарапшысы Руслан Сұлтанов.
Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер мен бірқатар коэффициенттер де қайта есептелуі мүмкін.
Экономикалық тәуекелдер
«Бюджет үшін бұл айтарлықтай өсім. Ең бастысы жалақымен бірге бағаның шектен тыс қымбаттауына жол бермеу. Сондықтан бұл реформаны кезең-кезеңімен және теңгерімді түрде жүзеге асыру қажет», - дейді Руслан Сұлтанов.
Сарапшылардың пікірінше, тіпті шешім қабылданған жағдайда да, өзгерістер бірден енгізілмейді. Болжам бойынша 2027 жылдан ерте болмайды.