Бүгін блогерлерді жинап, Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы туралы әңгімелеген Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов «Алтын белгі» иегерлері де Ұлттық бірыңғай тест тапсыратынын және «Алтын белгіні» енді Білім министрлігі емес, әр мектептің өз ұжымы белгілейтінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алтын белгіні» бұрын тест тапсырғаннан кейін Білім министрлігі өз бұйрығымен бекітетін. Енді, Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматына сәйкес, «Алтын белгіні» мектеп ұжымының өзі белгілейді. Былайша айтқанда, «Алтын белгіні» мектептердің ұятына қалдырдық», - деді Рамазан Әлімқұлов.
«Алтын белгіні» мектеп ұжымы өзі белгілей алса, қай мектепте неше «Алтын белгі» иегері бар» деген рейтингті қуалаған мектептер олардың санын күрт көбейтпей ме? Баласына «Алтын белгі» алып бергісі келген ата-ана өз ауылындағы мектеп директорына пара ұсынбасына кім кепіл?» деген сұраққа Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева былай деп жауап берді:
«Жылда бізде 5 мыңға жуық оқушы «Алтын белгіле» үміткер ретінде тіркелетін. Оның ішінде өткен жылы сол 5 мың оқушының 52 пайызы «Алтын белгісін» дәлелдеді. Енді «Алтын белгіні» бекіту құқығын мектеп ұжымына бердік. Бұрын «Алтын белгіні» Ұлттық бірыңғай тест тапсырғаннан кейін Білім министрлігі бұйрықпен бекітетін. Егер тесттен сүрінбей өтіп, білімін дәлелдей алса? Ал қазір бұйрықты мектептің директоры шығарады. Мектептің директоры педагогикалық кеңестің шешімімен кеңесіп, бұйрығын шығарады. Сұрағыңыздың жаны бар. Биыл «Алтын белгі» иегерлері күрт көбейеді деген қауесет бар. Бірақ, мына бір жайтты қаперде ұстаңыздар. Өйткені, осыған дейін «Алтын белгіні» алған бала Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылатын. Енді «Алтын белгі» мектептің рейтингісіне де әсер ете алмайды. Бірақ, «Алтын белгі» иегері мен басқа оқушының тестідегі балы бірдей болса, грант «Алтын белгіге» беріледі. Рас, шетелдердің көбінде «Алтын белгі» деген жоқ. Шынын айтсақ, бұл кеңес өкіметінен қалған белгіміз. Бүгінгі күні балаларға мотивация берудің бірден бір жолы - «Алтын белгі», - дейді Ж.Жонтаева.