Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушылары арасында зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтпек, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ең алдымен, психологтар мен мұғалімдерге ақпарат және коммуникациялар министрлігімен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі беріледі.
"Facebook, YouTube және тағы басқа желілерде жарияланған негативті видеоны көрсе, тікелей министрлікке шыға алады. Бізде қазір психолог немесе мұғалім ақпарат және коммуникациялар министрлігімен байланысқа шығу үшін 2 апта уақыт кетеді. Біз енді оны бір сағатқа дейін қысқартпақпыз", - деді Сағадиев білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Айтуынша, оқушылардың соққыға жығылғаны түсірілген бейнероликтер екі апта бойы желіде жүрмес үшін, АКМ бірден өшіруге мүмкіндік берген. Осы орайда Сағадиев ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа бастаманы қолдағаны үшін алғысын айтты.
Сонымен қатар, білім министрлігі екі жыл ішінде мектеп, балабақшаларды бейнекамерамен жүз процент қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұған қоса, психологтарды қайтадан оқыту курстарынан өткізбек.
"Мектепке кіргізуге болмайтын тыйым салынған заттар реестрі бекітілді. Кеше мен оған қол қойдым. Мектептер үшін бұл міндетті. Бұған қоса, енді мектеп инспекторларының жұмысқа келу және кету уақытын мектеп директоры белгілеп, қадағалап отырады", - деді Сағадиев.
Сондай-ақ, министрлік зорлық-зомбылық жиі болатын мектептердің директорларын қызметінен босату туралы ұсынысты жариялы түрде білдіретін болады.
Жасөспірімдер қылмысын алдын алу мақсатында оқушыларға жазаны өтеу орындары көрсетіледі. Бұл әлемдік тәжірибе, деді Сағадиев.