Енді үлкен тойларға 200 адамнан артық қонақ шақыруға тыйым салынады

Бұдан былай Өзбекстан халқы үйлену тойына 200 адамнан артық қонақ шақыра алмайды. Өйткені, билік ел аумағында өтетін барлық салтанатты шараларды қатаң қадағалауға алмақ.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы "Информбюро"-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет қаулысына сәйкес, 2026 жылдан 2030 жылға дейінгі кезең "Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мерзімі" деп жарияланды. Осы аралықта халықты сапалы әрі жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ орынсыз ысыраптың алдын алу мақсатында жүйелі шаралар қабылданбақ. Яғни, той-томалақтан бастап, барлық дәстүрлі жиындарға жалпы 200-250 адамнан артық қонақ шақыруға тыйым салынады.

Сондай-ақ, ұлттық дәстүрлерге сай келмейтін, артық шығын мен уақытты қажет ететін шоу бағдарламалар өткізуге шектеу қойылмақ. Әрі, жерлеу рәсіміндегі ысырапшылдыққа да жол бермейміз деп отыр.