«Осы ұлттық бай мұраны меңгеру – бүгінгі ұрпақтар үшін парыз»,- дейді қобызшы Жұлдыз Қайрат.
Тылсым сазды ұлттық аспабымыз қобызды үйренуге деген оқушылардың ниеті қалай, қандай қиындықтар бар? Осы және өзге де сауалдарға Өскемен қаласындағы «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің ұстазы, қобызшы Жұлдыз Қайрат Caravan.kz медиа-порталы тілшісіне айтып берді.
- Жалпы Шығыс өңірінде балалардың қобызға деген қызығушылығы қалай?
- Балалардың қазақтың ұлттық музыкалық аспабы қобызға деген қызығушылығы қазіргі кезде өте жақсы. Бұрынғы кездері олай болмайтын. Соңғы бір-екі жылда жақсы. Ата-аналардың да қызығушылығы артқан. Домбыра, басқа аспаптарға бұрыннан қызығушылық болса, қобызға деген әуестік лайықты деңгейде болмайтын. Менің өзімнің мұнда келгеніме 3 жылдай ғана болды. Балалар қобыздың дыбысына қызығып, үйренгісі келеді. Дегенмен барлық бала тума талант болмайды ғой. Көп бала үйірмеге келіп, жазылып алады да, шамасы келгенше үйренгісі келеді. Бірақ үйірмеден шығып кету, тастап кету деген жоқ. Балалардың арасында жақсы меңгеріп кетіп жатқандары да жетерлік. Ілесе алмай жатқандары да бар. Бірақ олар да үйренсем екен деп тырысып жатады. Көбіне үйренуге кішкентай балалар келеді. Бірақ кішкентай балалар меңгеру кішкене қиындау тиеді. Мысалы қолы жетпейді, аяғы жетпейді.
- Расында да домбырада орындалған күйлерді, әуендерді есту арқылы ойша жаттап алуға болатын сияқты, ал қобыздағы шығарманы тыңдап отырып есте сақтау өз басыма өте қиын көрінеді. Ал балаларға үйрену қаншалықты қиын?
- Бұл жерде есту қабілетіне сүйенеміз. Мысалы домбырада шектері бар, белгілері бар. Ал қобызда ештеңе жоқ, көбіне тек есту арқылы орындаймыз. Көбінесе құлақ жаттығуларын жасаймыз, ноталарды тыңдатамыз. Соларды барынша октавалар бойынша фортепианомен жаттатуға тырысамын. Балаларда да тума дарындылары болады, естісе бірден жаттап алады. Ал ондай балалар болмаса кәдімгідей фортепианоға отырғызып, дыбыс жаттатқызып, жаттығамыз. Өйткені нота жаттамаса болмайды. Себебі қобызда шектері көрініп тұрған жоқ, мынау «ми», мынау «до» көрсетуге келмейді. Сондықтан басында бір ай бойы аспапты жай ұстатқызып, дыбысын естіп, бейімдейміз.
- Қобызда үйренуге ең оңай күй қандай?
- Біз басында бірден күй үйренуден бастамаймыз, жай жаттығудан бастаймыз. Себебі, жаттығу болмаса, ноталардың қай жерде тұрғанын көзбен мөлшерлеп таба алмаса, білмесе, дыбыс қалай болса солай шығады. Естіген адамға да жаман, өзіне де жаман. Онда балалардың беті тез қайтып қалады. Сондықтан жаттығулардан бастаймыз. Сосын домбырадағы «Келіншек», «Кеңес», «Еркем-ай» деген сияқты жеңіл шығармаларды, күйлерді ойнаудан бастаймыз.
- Қазір үйірмелеріңізге қанша бала қатысып жатыр?
- Менде қазір 50 шақты бала қобыз аспабын үйреніп жүр. Бізде музыкалық мектептер сияқты жеке-жеке емес қой. Жекелік жүйе емес, топтық жүйе. Топтық жүйеде бір топқа 10 баладан келеді. Әркімнің сабағына байланысты 8-10 нан бөліп үйретеміз.
- Айтыңызшы, қобыз аспабын үйренуде бала үшін ең қиын нәрсе ол не?
- Ең қиын нәрсе ол қобызды ұстап үйрену. Кейбір балалар қобызды дұрыстап ұстай алмайды. Екі тізенің ортасына қыса алмайды, бұралып кетеді. Ысқышты дұрыстап ұстай алмайды. Ысқышты дұрыс ұстай алмаса қолы талып кете береді. Шынтақпен жұмыс істей алмай қалады. Бір ай көлемінде айнаға қарап отырып қобызды дұрыс ұстауды, дұрыс отыруды үйренеді. Үйткені әдемі отыру керек қой, еңкейіп, шалқайып отыруға болмайды. Оны көрген адамға да жаман, өзіне де жаман. Сондықтан ең әуелі әдемі мүсін қалыптастыру керек. Отырысы мен аспапты, ысқышты ұстауды үйренген соң ары қарай нота үйренуді бастап жүре береміз.
- Неше жастан бастап алып жатырсыздар үйірмеге?
- Қазір үйірмеде негізі бірінші сыныптан бастап балалар бар. Бірақ оларға кішкене қиындау тиеді. Сол себепті ата-аналарына кішкентай орындық әкеп беріңіз, кішкене жағдай жасаңыз деп айтамын. Ал негізі баланың 4-5 сыныптардан бастап келгені жақсы. Ол балалар жақсы игеріп кетеді. Көп уақыт алмайды. Бірақ кішкентай балаларды әкеліп тұрғанан кейін болмайды деп кеудеден итере алмайсың. Жарайды, үйретіп көрейік, шамасы келмей жатса өздеріңіз көрерсіздер, деп қабылдаймыз.
- Аспаптармен қамтамассыз ету жағы қалай, өйткені өз басым көшеде болсын, дүкенде болсын сатылып тұрған қобыз көрмеппін?
- Иә, міне осы жағынан бізде өте үлкен проблема. Аспап жоқ балаларда. Менде мысалы 50 оқушының біреуінде ғана жеке аспабы бар. Бастапқы жылда жоқ болатын. Өзімде жалғыз қобыз және жаңағы оқушының қобызы бар, екеуін кезектесіп ойнатып үйретуге тырысатынмын. Маған берген уақыттан бөлек таңнан кешке дейін мектепте жүретінмін. Өйткені балаларға жеке үйретуге тура келеді. Ал қобыз жетпейді. Өйткені 10 балаға бір сағаттың ішінде бір қобызбен ештеңе үйретіп үлгермейсің. Аброй болғанда, өзіміздің директорымыз былтыр, алдыңғы жылдары 6-7 қобыз алып берді. Аспаптармен қамтамассыз етіп, ескі қобыздар тауып берді. Оны шеберге апарып, өзім жөндетіп алдым. Сосын биыл жаңа екі қобыз алып берді. Сол кішкене жақсы болды. Алты қобыз болса да кәдімгідей дамып қалдық. Өйткені, аспап өте проблема. Себебі, өте қымбат аспап. Ең арзаны, ең үні нашары 200 мың теңгеге сатылады. Ағашына байланысты бәрі. Қазір ең қымбат қобыздар миллион жарым тұрады екен. Өскеменде музыкалық аспап жасайтын бір шеберіміз бар, бірақ ол кісінің жасап беруге мүлдем уақыты жоқ. Өйткені басқа үлкен консерваториялардан, университеттерден тапсырыс алады да, қарапайым қобыздар жасап сатуға уақыты жетпейді. Ал балаларға арналған үлкен-кіші қобыздар болу керек. Ата-аналарға да алып бер деп талап қоя алмайсың. Өйткені бала бір жыл оқып, шыдамай кетіп қалуы мүмкін. Қымбат аспап босқа қалады.
- Қандай да бір байқауларға қатысып көріп жатырсыздар ма?
- Мен келген жылы бір жылдай дайындалдық. Одан кейін қалалық, республикалық, халықаралық жалпы барлық сайыстардан қалмай қатысамыз. Нәтижелеріміз де жақсы. Бас жүлде, бірінші орын, екінші орын алған балаларымыз бар. Лауреат, дипломант атанып жатқан оқушыларым көп.
- Олар жеке орындау бойынша қатыса ма, әлде оркестор болып орындай ма?
- Жоқ, жеке орындау бойынша. Өйткені жаңа айтып өттім бізде қобыз саны шектеулі. Ары кетсе үш баламен трио қылып қатыстырамын. Сосын көбінесе жеке орындауда қатысады. Өзге қалаларға да апарып қатыстырдым. Алматы қаласына да апардым. Қазір пандемия басталғалы онлайн сайыстарға қатысып жатырмыз. Биылдың өзінде 7-8 конкусқа қатыстық.
- Жалпы осы қобыз аспабын үйренгісі келетін балаларға қандай кеңес айтар едіңіз?
- Егер өнерге жақын бала болса, сол қаблетін жоғалтпаған дұрыс, қайта дамыта түссін. Әр нәрсенің қиындығы болады, оны жеңе білу керек. Басында бәрінде қиындық болады. Мысалы, қобыз ойнағандада тырнақтың асты, қазақша көбе дейміз, сол тырнақтың түбіндегі ет сөгіліп кетеді. Кәдімгідей қанайды. Егер үйренемін деген ниеті болса соның бәріне шыдау керек. Төзімділік танытып, белгілі бір биіктерді бағындырса деймін. Өйткені, қазір біздің қазақтың ұлтттық аспаптарында қобызды үйренушілерден өте кендеміз. Ойнайтын адам да аз. Мысалы, Шығыс Қазақстан бойынша қобыздан сабақ беретін 27 ғана ұстаз бар екен. Өскеменнің өзінде 3-4 адам ғана бар көрінеді. Соны ойласаңыз өте аз. Сондықтан қобыз өнерін балалар кейін дамытса екен. Қазір талантты жасөспірім балалар көп, олар тастап кетпей соңына дейін жеткізсе деген тілегім бар. Қобыз да домбырашылар сияқты көп қызағатын, насихатталатын аспапқа айналса нұр үстіне нұр болар еді.