Ең ұзақ коммерциялық рейсті жүзеге асырған Qatar Airways рекорд орнатты

Осы мемлекеттің астанасы Дохадан шыққан Boing-777 ұшағы 16 сағат 23 минут ұшып, Жаңа Зеландияның Окленд әуежайына келіп қонды. 10 сағаттық белдеуді кесіп өткен әуе кемесі, 14535 шақырым жерді еңсеріп, алдыңғы ең үлкен көрсеткіштен асып түсті. Бұған дейін тоқтаусыз ең ұзақ рейсті Біріккен Араб Әмірліктерінің әуекомпаниясы Дубай-Окленд бағытымен жасаған еді. Ал Qatar Airways-дің қайтар сапары 17 сағат 30 минутқа созылады.

- Бұл – өте маңызды бағыт. Біз бұған көп уақыт талпындық. Сөйтіп, компания кеңейгеннен кейін қол жеткізуге мүмкіндік туды. Алайда барлық бағытты қамтамасыз ету үшін де ұшақтар жеткілікті болуы тиіс. Енді, міне, мен жердің түбінде Оклендте тұрмын. Кеудемді мақтаныш кернейді. Оның үстіне бұл ең ұзақ коммерциялық рейс болды, дейді Qatar Airways компаниясының бас директоры Акбар әл-Бакр.