Еңбек министрлігінің бірқатар лауазым иелерінің үстінен әкімшілік іс қозғалды

Г.Қарағұсованың жауабында атап көрсетілгеніндей, соттар Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық органдары бөлімшелерінің жетекшілерін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жалпы алғанда ел көлемінде 39 мемлекеттік еңбек инспекторына тәртіптік жаза жүктелді.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында үкіметке жолданған бас прокуратураның таныстыруында министрлік жол берген кемшіліктер дерегі келтірілген. Атап айтсақ, заңсыз құқықтық-нормативтік актілер шығарып қолдану, бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану және толық игермеу, мемлекеттік сатып алу шараларын жүзеге асыруда, сондай-ақ, азаматтардың арыз-шағымдарын қарауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының талаптарын ескермеу деректері көрсетілген.
Мәселен, прокурорлық тексеру барысында министрлік шығарған, бірақ заң талабына сәйкес әділет министрлігінде тіркелмеген мекемеаралық сипаттағы нормативтік-құқықтық актілер анықталды. Ұйымдардағы қауіпсіздік қызметі мен еңбек қорғау туралы министрдің бұйрығымен бекітілген инструкция заңсыз жұмыс істеп келген. Бұған қоса мүгедектікке ұшырау себептері мен жалпы еңбек қабілетінен айрылу дәрежесін айқындау тәртіптерін белгілейтін әдістемелік нұсқаулар да әділет мекемелерінде тіркелмей бекітілген. Сонымен бірге қызметкерлерді мерейтойлар мен мерекелерге орай марапаттау туралы үкімет қаулысына қайшы келетін бұйрық шығарылғаны анықталды. Осынау заңсыз бұйрықтың негізінде тек Жамбыл облыстық департаментінде тәртіптік жаза жүктеген 17 қызметкер жалпы сомасы 738 301 теңгеге негізсіз марапатталған.
Бас прокуратура еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әділет органдары мен денсаулық сақтау мекемелерімен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуге нұсқау берді. Өйткені, тексеру барысында адамның қайтыс болғаны немесе ел аумағынан көшіп кеткені туралы құжаттардың дер кезінде келтірілмеуіне байланысты зейнетақыны заңсыз төлеу деректерінің беті ашылған. Г.Қарағұсованың хабарлауынша, министрлік мекемелердің арасындағы ықпалдастық тәртіптерін реттейтін бұйрыққа енгізілетін тиісті түзетулерді жобалауға кірісіп кетті.