"Қоғамдағы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында аса үлкен назар аударуды қажет ететін проблема шетелдік жұмыс күшін тарту болып табылады", - деп атап көрсетілген республикалық селекторлық кеңес қорытындысы бойынша жарияланған хабарламада. Онда бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы шығарылып, ҚР президентінің ішкі саясат мәселелері жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру міндеттері белгіленді.
Баспасөз баянында хабарланғандай, кеңес барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осы саладағы бірқатар проблемаларды атады. Атап айтқанда, ол көші-қон мәселелерін шешумен айналысатын органдардың іс-әрекеттерінің жүйелік үйлесімділігінің болмауын; сыртқы еңбек миграциясының тиімділігінің төмендігін; оралмандардың қоғамға интеграциялануы процессіндегі қиындықтарды; "көлеңкелі" экономиканың кең етек жаюына ықпал етуі ықтимал реттелмейтін еңбек миграциясының сақталып отырғандығын атап көрсетті.