Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі президенттің халыққа арнаған жолдауынан туындайтын барлық мақсаттарды жүзеге асырды - Қарағұсова

Оның айтуынша, "2006-жылдың 1-қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері инфляцияның болжамдық деңгейінен 8 процентке арттырылды, ал 2006-жылдың 1-маусымынан бастап күш құрылымының зейнеткерлеріне еңбек сіңірген жылдарына берілетін зейнетақы төлемдері ұлғайтылды, 2006-жылдың 1-шілдесінен бастап соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға, соғыс мүгедектеріне, Ұлы отан соғысында опат болғандардың жесірлеріне, қаза тапқан әскерилердің отбасылары мен басқа санаттағы азаматтарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар көбейтілді. Сондай-ақ, бір жасқа жеткенге дейін баланың бағым-күтіміне арналған жәрдемақы беріле бастады.

Бұған қоса, 2006-жылдың 25-желтоқсанында Қазақстан Республикасының үкіметі, республикалық кәсіподақ ұйымдарының бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында БҰҰ-ның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ғаламдық келісімінің принциптері негізінде 2007-2008-жылдарға арналған бас келісім-шартқа қол қойылды.

"2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдер айма-ай төленуде, ал бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 30 процентке көбейтілді. Медицина қызметкерлерінің еңбекақысын түрлендіруге бағытталған жаңаша ұстаным бекітілді",- деді министр.

Г.Қарағұсованың айтуынша, парламетте Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін талқылау аяқталып келеді.

"Қазақстанда көші-қон процесстерін реттеу жүйесін одан әрі дамытуға жағдай жасау, иммигранттар мен мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау үшін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жасалды. Қазір бұл заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр",- деді ол.

Сонымен бірге, министрліктің мәліметінше, "Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын жасау жұмыстары жүргізілуде".

"Әлеуметтік реформаларды тереңдету бағдарламасында белгіленген мақсаттар мен міндеттер табысты жүзеге асырылуда. Әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасты, мемлекеттік әлеуметтік стандарттар жүйесін жетілдіруге, әлеуметтік қамтамасыздық жүйесін дамытуға және халықты жұмыспен тиімді қамтуға түрткі болуға, еңбек қарым-қатынастарын реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған басты шаралар іске асырылды",- деді Г.Қарағұсова.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті