ENI корпорациясы Қазақстанға Қашаған кенішін игерудің жаңаша схемасын ұсынды

ENI SpA корпорациясымен қатар Еххоп Mobil Corp., Royal Dutch/Shell Group, Total SA, ConocoPhillips және Жапондық Inpex компаниясы қамтылған халықаралық консорциум жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндіруді көздеп отыр. Бұл алғашқы межеленген көлемнен 4 есе артық.

Кенішті игерудің жаңа схемасы бойынша алғашқы мұнай 2006-жылдың соңында өндіріле бастамақ. Ал бұған дейінгі жоспарға сәйкес бұл мерзім 2005-жылға межеленген болатын. Бірақ соған қарамастан Қазақстан үкіметі осы мерзімде айрылатын пайда көлеміне парапар өтемақы алады делінген хабарламада. ENI SpA корпорациясының өкілдері осы мәселе бойынша Қазақстан үкіметімен келіссөздер жүргізе бастады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қашаған кенішін 2015-жылға дейін дамыту жобасында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,2 млн. баррельге жеткізу көзделген. Бұл көлем жағынан Сауд Арабиясындағы Гавар кенішіндегі мұнай өндіру көлемінен ғана сәл аз.