Ер адамдарға “аналық безге жасалатын ота” жасалған: Маңғыстауда екі жекеменшік емхана 221 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы NewTimes.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, «ИБН СИНА» және SOFIE MED GROUP медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозы бойынша көрсетілген медициналық қызметтерді рәсімдеу кезінде әйелдерге арналған қымбат жоғары технологиялық операцияның — «кіші жамбас ағзалары мен жатыр артерияларының эндоваскулярлық эмболизациясы» қызмет кодын пайдаланған.

Тергеушілердің болжамынша, осылайша 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызмет көрсетілген болып рәсімделіп, емдеу құны шамамен 10 есеге дейін қолдан өсірілген.

Сондай-ақ 19 жағдайда азаматтар аталған медициналық мекемелерге мүлде жүгінбегендерін мәлімдеген.

Алдын ала есеп бойынша, МӘМС қорына келтірілген шығын 221 миллион теңгеден асқан.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.