«Ер Тарғын» жыры сандық форматта жарық көрді

Идея авторы және жобаның көркемдік жетекшісі Ақан Әбдуәлінің айтуынша, бұл шара Мәдениет министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Ұзақтығы 1,5 сағаттан асатын бұл жырдың орындаушылары - Ақан Әбдуәлі, Гүлмарс Аманбаева, Ерболат Шалдыбеков, Рысбек Әшімов, Амандық Көмеков, Аманқос Садықов мен Баян Мұсаева. Олар бұған дейін оны 2010 жылы Астана күніне арналған мәдени іс-шаралар барысында жырлап шыққан болатын.

Жалпы қазақ жырының бұл аудиоантологиясы «Жәдігер» дәстүрлі өнер клубы жүзеге асырған үшінші жоба болып отыр. Бұған дейін олар «Алпамыс батыр» мен «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанын қайта жаңғыртқан болатын. Ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлиханов «қазақтың алтын ғасыры» деп бағалаған ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін «Ер Тарғын» жырының біздің заманымызға 8 түрлі нұсқасы жеткен. Олардың ішінде ең толық, және көркем нұсқасы Марабай ақын жырлаған үлгі. Оны Н.Ильминский жазып алып, 1862 жылы Қазанда жеке кітап етіп бастырып шыққан болатын.