Ерасыл Әубәкіровтың ісі: Аян Мейірбаев пен оның әкесі жәбірленуші ретінде сотқа қатыспақ

Челахты ақтай алмай сотта талай шу шығарған Серік Сәрсенов «Ерасыл ісімен» бастан-аяқ танысып үлгеріпті. Айтуынша, материалдар прокуратураға берілгендіктен істі құпия ұстау шарты өз күшін жойған екен. Тергеу материалдарын оқып шыққан Сәрсенов өрескел заң бұзушылықтарға байланысты 22 жастағы Нұрбек Әжімбайға қатысты қозғалған істің жабылуын сұрап өтініш жазған. Сәрсеновтың айтуынша, басты айыпталушылардың бірі болған Аян Мейірбаев пен оның өскемендік кәсіпкер әкесі сотқа жәбірленуші ретінде қатыспақ.

 Нұрбек Әжімбаевтың адвокаты Серік Сәрсенов «Мейірбаев 2 бап бойынша сотқа жәбірленуші ретінде қатысқалы жатыр. Оның әкесі де «менен ақша бопсалады» депті. Сондықтан ол да жәбірленуші. Ал мен қорғауыма алған Нұрбек Әжімбайдың тергеу басталғаннан барлық конституциялық құқығы бұзылған. Осы себепті оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылуы керек. Болмаса, қайта тергелсін», деді.

Серік Сәрсенов тек сотқа дейінгі материалдарды қарауға көмектесетіндіктен Астанадағы процеске қатыспайды. Бір қызығы, Ішкі Істер министрлігі осы Аян Мейірбаевтың Ерасыл Әубәкіровке жәбір көрсетіп жатқан видеосына қарамастан оны 3 ай бұрын босатып жіберген. Сөйтсе, полицейлер Мейірбаевтың әрекетінен қылмыс ізін таба алмаған. Ақпан айында қала сыртынан өлі денесі табылған Медицина университеті студентінің өліміне күдікті ретінде 4 адам, яғни Аян Мейірбаев,Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев және Нұрбек Әжімбай ұсталған еді. Енді тамыз айының соңына таман басталатын сотта айыпталушылар орындығына тек үшеуі отыратын болды.