ERG Ақтөбе облысындағы ең қуатты жел электр станциясының құрылысын бастады

«Хромтау» аталатын ERG-дің алғашқы жел электр станциясы Топ кәсіпорындарының декорбонизация бағдарламасы аясында әрі ESG қағидаттарына сәйкес салынып жатыр. 155 мегаватты жаңғыртымды қуат көзі 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Хромтау маңындағы 150 гектар аумақта жел генераторының паркі бой көтереді.

ЖЭС жобасы тың инжиниринг әрі технологиялық әзірлемелерге сүйене отырып қолға алынған. IEC S санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделген. Жел қарқыны секундына 3 метр болса да, 25 метрге дейін үдесі де сол желден қуат алады. Сайып келгенде бұл Батыс Қазақстанның шұғыл континенталды жағдайында қажетті көлемде қуат өндірілетініне кепіл бола алады.

Электр қуаты Ақтөбе облысындағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі – «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіледі. Бүгінде кәсіпорын 45 мегаватқа жуық электр қуатын тұтынып отыр. Келешекте өндіріс қуаты ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асырылатынын ескерсек, комбинаттың қуат тұтыну мөлшері де 80 мегаватқа дейін артуы мүмкін. Өз кезегінде бұл аймақтың энергожүйесіне айтарлықтай жүктеме болар еді. Жел электр станциясы Дөң ТКБК-ның ғана емес, іргелес орналасқан Ақтөбе облысының өзге де өндірістік кәсіпорындарын қуатпен қамдай алады. Осылайша, аймақта туындауы мүмкін қуат тапшылығы мәселесі толық шешіледі.

Жел электр станциясынан алынатын таза қуат Қазақстанда көмірден электр энергиясын өндіру көлемін азайтуға сеп. Нақты осы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындылары жылына 520 мың тоннаға қысқарады. Жалпы ERG қолға алған Экологиялық стратегиясын жүйелі жүзеге асыра отырып, СО2 шығарындыларын 2 млн тоннаға азайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жаңғыртымды қуат көздерін дамыту, энергетикалық тиімділік пен қуат үнемдеуді арттыру көзделген. 2030 жылға қарай шығарындылар көлемі - 56%, төкпелер көлемі - 30%, су тұтыну мөлшері - 33% төмендетіледі.

ERG алғашқы жел электр станциясы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып жатыр. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Станция іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыс істейді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылы Қазақстан көміртегі нейтралитетіне қол жеткізуі керек деді. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Мен Дөң тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіре отырып, біз ұтымды бастамаға нық қадам жасап отырғанымызға шын жүрегіммен сенемін. Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында тыңғылықты қайталай аламыз деген үміт бар. Біздің жел электр станциясын салу тәжірибеміз Қазақстанның өзге де ірі кәсіпорындарына үлгі болса, түпкі ұмтылыс – көміртегіне бейтарап мемлекет болу мақсатына барынша жақындаймыз.


ERG жаңғыртымды қуат көздері жобалары, Топтың энергетикалық тиімділігін арттыру сынды бастамаларын мықтап қолға алған. ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында компания Хромтаудағы Дөң ТКБК-да «Шлам өндейтін байыту фабрикасын» салу бастамасына 2030 жылға дейін 900 млрд теңге қаражат құюды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорында қордаланған шлам көлемін азайтуға сеп. Жоба хром оксидін алу тимділігін арттыруға бағытталған. Сайып келгенде, қордаланып қалған шлам қайта өңделіп, одан жыл сайын 700 мың тонна өнім алынбақ. Концентрат сапасы 48,5%-тен төмен болмайды деп күтілуде. Жылына 1,7 млн тонна шикізат қайта өңделмек. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 2022 жылдан бастап, концентрат тапшылығы азаяды деген болжам бар. Фабриканы 2023 жылы толық қуатына шығару көзделген. Жобаға құйылған жалпы инвестиция көлемі – 50 млрд теңге. Мұнда 270 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Осы орайда, Дөң ТКБК ERG-дің тағы бір стратегиялық маңызды жобасы – «Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы» шахтасының 2-ші кезеңінің құрылысын қызу жүргізіп жатыр. Шахтаның жаңа кезеңі хром кенінің өндіріс көлемін жылына 7,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге сеп болады. Сәйкесінше, орта және ұзақмерзімді перспективада ферроқорытпа зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Мұнда дәстүрлі өнімділігі төмен игеру тәсілдерін жаңасына алмастыру көзделген. «Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы» атындағы шахтаның 2-ші кезеңін іске қосу нәтижесінде 1 000 жұмыс орны ашылады. Құйылған инвестиция көлемі – 877,6 млрд теңгеден астам.

Осы үш жобаны да ERG Capital Projects компаниясы жүзеге асырып жатыр. Ол Топтың Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларын әзірлеп, іске асыру үшін арнайы құрылған болатын. Компания жобалардың тәуекелдерін басқарып, негізгі белгісіздіктерді төмендету жоспарларын түзіп, қауіпсіздікті нығайтып, Топ кәсіпорындарына тиімді технологиялық бизнес шешімдер әзірлеуді көздейді. Оған қоса, ірі жобаларды жүзеге асырудың стратегиясын жасайды.