Ал осы жолғы жарыста еліміздің бапкерлерінің, жалпы қазақ жанкүйерлерінің арманы осы күрес түрінен бір Олимпиада «алтынын» алу болып тұр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі КСРО-ның екі дүркін чемпионы, спорт ардагері Аманжол Бұғыбаевпен телефон арқылы тілдесіп, аз-кем сұхбаттасқан болатын.
- Қазіргі уақытта қуанатын бір жағдай, Тұманды альбион төрінде өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасындағы еркін күрес белдесулерінде 7 салмақ санатының барлығынан да жолдама алып отырмыз. Яғни, боз кілемдегі белдесуде Қазақ елінің намысын 55 келі салмақ санатында Дәулет Ниязбеков, 60 келіде Дәурен Жұмағазиев, 66 келіде Ақжүрек Таңатаров, 74 келіде Әбдулхакім Шапиев, 84 келіде Ермек Байдуашев, 96 келіде Таймураз Тигиев және 120 келіде Дәулет Шабанбай қорғайды.
- Аманжол аға, осы спортшылардың ішінен алтын алуға кімнің қауқары жетеді деп ойлайсыз?
- Жалпы, менің пайымымша, әрбір спортшы жеңімпаз болады деп үміттенбесек, оған зор сенім артпасақ, онда жұмыс істемегенің деген сөз. Біз осы 4 жылда бір келетін жазғы ойындарға балуандарымызды барынша дайындадық. Енді бап шабама, әлде бақ шабама оны алдағы белдесулер көрсетеді. Дәл қазір «мына балуанымыз мықты, алтын алады» деп ешқайсысын да бөле жара айта алмаймын. Бәрі де мықты. Жеңіске деген құлшыныстары зор. Мәселен, қызылордалық Д.Ниязбеков пен алматылық Д. Жұмағазиев өткен жылы Ыстамбұлда өткен еркін күрестен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Басқа спортшыларымыз да талай жарыста топ жарып, әбден ысылған, еркін күрестің суығына тоңып, ыстығына күйінген тәжірибелі балуандар. Яғни, кез келген салмақтағы ащы тері алынған балуанымыз алтын үшін айқасуға әзір. Ал алатынын не алмайтынын дәл қазір кесіп-пішіп айта аламаймын, оны алдағы белдесулер көрсетеді. Бірақ, сеніміміз мол, өйткені, дайындықтары жақсы. Күні кеше таудағы спорттық базадағы дайындықтарымызды аяқтап келдік, енді қалада білгенімізді пысықтап жатырмыз. Жігіттер 2 тамыз күні Лондонға ұшып кетеді.
- Тәуелсіздік алып, алғаш рет ұлттық құрама ретінде Олимпиада ойындарына қатысқан жылы шәкіртіңіз Мәулен Мамыров қола жүлдегер атанды. Одан кейін де күміс, қола жүлдегер болған спортшыларымыз бар. Сұрайын дегенім, Олимп шыңын бағындыру жолында еркін күресшілерімізге не жетіспейді?
- Рас айтасың, Тәуелсіздіктің елең-алаңынан кейін ұлттық құрама болып АҚШ-тың Атланта қаласында өткен 26-шы Олимпиада ойындарына қатысқан едік. Сол жолы қазақ елінің намысын қорғау үшін мұхит асқан 96 спортшы спорттың 15 түрінен жарыс жолына шығып, ел құрамасының қоржынына 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль салған-ды. Сол қоланың бірі еркін күрес шебері Мәулен Мамыровтың еншісінде. Одан кейінгі жылдары Геннадий Лалиев 2000 жылы Сидней Олимпиадасының қола, ал 2004 жылы Афина Олимпиадасының күміс медалін, Ислам Байрамуков Сидней Олимпиадасының күміс медалін ұтып алды.
16 жылдай уақыт ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып, бар тәжірибемді шәкірттеріме беруге тырыстым. Жалпы, балуандарымыздың дайындық деңгейлері әр уақытта да жоғары болды. Дегенмен, бір сөзбен айтқанда баптары келгенімен бақтары жанбай келеді. Енді сол олқылықтың орнын осы Лондон олипиадасында толтырып, тым болмағанда бір спортшымыз өз салмақ санатында топ жарса нұр үстіне нұр болар еді.
- Аманжол аға, спорттағы жолыңызға қарасам, КСРО чемпионатына 7 мәрте қатысып, 2 алтын медаль еншілеп, күміс, қола жүлдегер атаныпсыз. КСРО кубогын да иелендіңіз. Дегенмен, Олимпиада ойындарына жолыңыз түспепті.
- Ия, дұрыс айтасың. КСРО чемпионаттарында талай мәрте топ жардым. Өкінішке орай сол кездегі қитұрқы саясаттың салдарынан 4 жылда бір келетін Олимпиада ойындарына жолым түспей-ақ қойды. Әйтпесе, талай жарыс барысында Олимпиада, әлем, Еуропа чемпиондарымен белдесіп, жауырындарын жер иіскетіп едім. Бірақ жолымды кесіп отырды.
Мен қазіргі балаларды бақытты санаймын. Егемендік алғаннан бері ел ішінде қарсыластарыңның бәрін ұтып, олимпиада жолдамасын иеленсең, жолың ашық. Соған өзім қатты қуанамын. Енді Лондон Олимпиадасында сан мәрте Көк Тумызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып қайтсақ керемет болар еді. Бөле жара айтарым, осы байрақты бәсекеде қазақтың бір ұланы еркін күрестен алтын иеленсе, одан артық арманым болмас еді.
- Уақыт бөліп тілдескеніңізге рахмет. Шәкірттеріңіз Олимпиада алтынын тағынып, барша қазақ жұртшылығын қуантсын!