Тергеу материалдарына қарағанда, Ерлан Арын Павлодар облысын абаттандыру үшін жеке кәсіпкерлер бөлген қаржыны қымқырып, ірі көлемде пара алған. Алайда, тергеудің құпиялылығын желеу еткен қаржы полициясы оның көлемі мен Арынның ақшаны нақты кімнен алғанын ашып айтпай отыр. Бұған дейін Ерлан Арынның кеңесшісі Төлеген Бәстенов қызметтік кабинетінде 9 миллион теңге пара алып жатқан сәтінде ұсталған болатын. Бағыныштысының былығынан соң былтыр желтоқсанда аймақ басшысы өз еркімен қызметінен кетті. Айта кетсек, 11 жыл ректор болған Ерлан Арын әкім болып тағайындалғанда, жұрт оны жақсылыққа балаған. Бастапқыда Павлодардың атауын өзгертуді қолдаған ол, билікке келген соң үнсіз қалды. Тіпті күтпеген жерден «казак атаманы» болып шыға келуі, үлкен түсінбестік тудырғаны бар. Оның үстіне жарнамасы жер жарған бірқатар бастамалары аяқсыз қалды. Ал Арын соңғы сөзін қызметінен алынарда айтқан-ды. Қоштасу сәтінде шенеунік «артық кеткен жерім болса кешіріңдер» деген еді.
Ерлан Арын, Павлодар облысының экс-әкімі:
- Бірге жұмыс істеген әріптестеріме алғысымды білдіремін. Жұмыс барысында түсінбеушілік болса, мені кешірулеріңізді сұраймын.