Ерлан Әбділдаұлына Бауыржан Момышұлы атындағы орден - Қазақ театр сахнасындағы батырлар бейнесін сахналағаны үшін, ұлттық кейіпкерлерді биігіне жетікізіп сомдаған талантты актерлік шеберлігі үшін табысталған. Ол қазақ сахнасында М.Әуезовтың «Қилы заман» драмасында Ұзақ батыр, Д.Исабековтың «Жаужүрек» драмасындағы Балуан Шолақ, Иран- Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» қойылымында Құнанбай рөлдерін сомдаған актер.
Даңқты қолбасшы, халық батыры Б.Момышұлы атындарғы бұл сыйлық биыл екі актерге берілді. Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында «Бауыржан Момышұлы» фильміндегі басты рөлді ойнаған жас актер Еркебұлан Дайыров «Намыс» медалімен марапатталған болатын.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған кеште Шәба Әденқұлқызы, Дәлел Уашев, Нұрмұқасан, «Ағайындылар» тобы, Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің фольклорлық «Жігер» және гитаристер ансамблдері, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» би тобы, сонымен қатар №4 Оқушылар үйінің «Мөлдір» би ансамблі өнер көрсетті.
Ал, театр артистері театрландырылған сахналық қойылым, поэзиялық, ән-би композициясын ұсынды. Сондай-ақ, театр фойеде «Әдемі-ай» өнер үйі ұлттық, қол-өнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды.