Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар басым дауыспен Ерлан Қошановтың кандидатурасын қолдады. Жаңа өңір басшысы бүгінгі жиында активке таныстырылды. Ерлан Жақанұлы 1962 жылы Жезқазған облысындағы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында туған. Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын (1984), КСРО Сыртқы сауда академиясы жанындағы жоғары коммерциялық мектепті (1991) және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1999) бітірген, мамандығы бойынша - инженер механик және экономист. Еңбек жолын «Жезқазғантүстіметалл» ҒӨБ байыту фабрикасының слесары, шебері (1986-1988) болып бастады. ҚЛКЖО Жезғазқан облыстық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі (1988-1990), Жезқазған облыстық сыртқы-экономикалық байланыс комитетінің жетекші, бас маманы, бөлім бастығы, төрағаның орынбасары, төрағасы болды (1990-1995), Қазақстан Республикасы Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі (1999-2003), ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары (2001-2003), ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі (2003-2006), ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы (2006-2007), ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Мәжілісіндегі өкілі (2007 жылдан бастап) болды. Сондай-ақ «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2004 жж. бастап), «Астана халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы (2005 жылдан). ҚР Парламенті Сенатының депутаты (1995-1999) болып сайланды. Бесінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша кандидат (07.12.2011) болды. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі. 2012 жылдың ақпанынан бері ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды.