Ерлан Сағадиев: Қазақ-түрік лицейлерінің оқыту үдерісіне наразылық жоқ

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің Республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, БҒМ жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастады. Біз түрік тарапымен байланыста жұмыс істейміз. Алайда бұл оқу үдерісіне қатысы жоқ. Бұл біздің қазақстандық мектептер және олар қатаң тәртіпте еліміздің стандарттарымен қызмет етуде. Біз бұл лицейлерді бірнеше мәрте тексерген едік. Оларға қатысты ешқандай наразылық жоқ. Бұл тұрғыда лицейлер бұрынғысынша жұмыстарын жалғастырады», -деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, 15 шілде күні Ыстамбұлда әскери бүлік орын алып, бұл көтерілісті «Түрік Қарулы күштеріне еніп алған Фетxуллаxшыл лаңкестік ұйымы ұйымдастырды» деп жарияланды.


Осыған орай, Қазақстанда қоғам арасында KATEV қорымен құрылған Қазақ-Түрік лицейлерінің тағдыры тақырыбы қызу талқыға түсе бастады.