Ерсі қылық көрсеткен видеосы таралған Мұхтар Тінікеев депутаттықтан кететінін мәлімдеді

Бұл туралы Парламенттің ресми сайтында жазылған. Сондай-ақ, онда Мұхтар Тінікеевтің үндеуі жарияланды. 

"Мен өзімнің кәсіби қызметіме байланысты емес жағдайда ерсі қылыққа барғаным үшін барлық сайлаушылардан, барлық қазақстандықтардан шын көңіліммен кешірім сұраймын. Бұл жағдайдың демалыс күні, яғни жұмыстан тыс кезде болғанына қарамастан, депутат ретінде, "Нұр Отан" партиясының мүшесі ретінде жауапкершіліктен құтыла алмаймын, ақтала да алмаймын. Сондықтан да ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығынан кетуді ұйғардым. Мұндай шешім қабылдау маған оңайға соқпағанын жасырмаймын. Парламент қабырғасында Отанға, Қазақстан халқына, партияға қызмет ету барысында өнімді еңбек еттім. Азамат, әке, дос, ұл ретінде адамдардың мүддесін адал әрі батылдықпен қорғадым" делінген үндеуде.

Естеріңізге салсақ, Мұхтар Тінікеевтің мас болып, Қарағанды қалалық мәслихатының экс-депутаты Борис Полевойды ұрып жатқанын көрсететін
видео
ғаламторда өткен аптада пайда болған еді. Кейін оны мәжілісменнің өзі әзіл еді десе, Полевой "бұл өз арамыздағы жағдай, онда тұрған ештеңе жоқ" деген мағынада уәж айтты.