"Ерте күйеуге шығыңдар деп үгіттемеймін": 16 жасында тұрмыс құрған Диана елді таң қалдырды

– Біздің үйде барлығы ерте отбасылы болған, – деп бастады сөзін Диана. –Жалпы төрт ағайындымыз, 3 ұл, 1 қыз. Үлкен ағаларымның бірі 18 жасында, екінші ағам 16 жасында үйленген. Біз үшін бұл – қалыпты жағдай. Өзім Жетісайдың Атакент қалашығынанмын, күйеуім Жетісайдың өзінен, – деді ол.

Бұл туралы Диана Qamshy.kz порталына берген сұхбатында айтты, деп жазды Caravan.kz порталы.

Оның сөзінше, тұрмыс құруына бастапқыда анасы қарсы болған, ал әкесі керісінше қолдапты.

– Ерте тұрмыс құрғым келетіні туралы шешімімді үйдегілер жақсы қабылдады. Бастапқыда анам аздап қарсы болды. Ал әкем өзінің ақыл-кеңесін айтып, шешімімді қолдады. Тек сыныптастарым "кішкентайсың ғой әлі" деп таңғалған болатын. Күйеуімнің есімі – Нұрсұлтан, 2000 жылғы, жеке кәсіпкер. Жас аралығымыз небәрі 3 жас. Отау құрардан бұрын болашақ күйеуіммен екі жылдай араластым. Сөзіміз, әңгімеміз жарасқан соң ата-әжелері менің қолымды сұрап, үйге келіп жүрді. Мен де келісімімді бердім. Сөйтіп, 15 жасымда сырға салды. Тұрмысқа балалықпен шықтым деп ойламаймын. Себебі алдымда үлкен жауапкершіліктің тұрғанын білдім және түсіндім. Менің ойымша, ерте тұрмысқа шықсаң, барған жеріңе сіңісіп кету оңай болады. 

"Кішкентай келін" қазіргі қыздардың не себепті тұрмысқа шықпайтынын айтты.

– Қазіргі уақытта қыздардың көпшілігі тұрмысқа кеш шығып жатады. Оның бірден-бір себебі – мансап қуып, қаржылық жағдайға немесе жігіттің түр-әлпетіне қарауы деп ойлаймын. Сондай-ақ көбі үлкен өмірге қадам басудан қорқады. Жеңілтектік танытып, теріс жолда жүргендер де қаншама?! Мен алтындай уақыттарын босқа құртпай, ертерек отбасылы, бала-шағалы болғаны дұрыс деп ойлаймын.


16 жастағы келін таңдауына еш өкінбейтінін айтты.

– Егер уақытты кері шегеріп, тағы да таңдау берілсе, таңдауымды өзгертпес едім. 16 жасымда бір отбасының ұйытқысы болып, бала-шағалы болуды тағы таңдар едім. Менің ойымша ерте ме, кеш пе кез келген қыз баласы келін болып, ана атануды армандайды. Жалпы қыздар қауымына айтарым, байлық, мансаптан гөрі отбасылы болуды бірінші орынға қойған абзал. Қыз баланың алғашқы миссиясы – отбасын құру. Ойдағы мақсатқа отбасымен бірге де жетуге болатынын ұмытпаған жөн. Үлгеретін қыз, бәріне де уақыт табады. Тұрмыс құрып оқу оқып та, баланы дүниеге әкеліп те үлгереді. Әрине мен тұрмысқа шықпай жүрген қыздарды "ерте күйеуге шығыңдар" деп үгіттемеймін. Тек қыздар қауымына болашақта бір әулеттің отанасы болудан, үлкен өмірге қадам жасаудан қорықпауға шақырамын, – деп сөзін түйіндеді "Кішкентай келін".