"Ертеде соғылған монеталар" сериясы "Отырар монетасы" атты тиынмен толықты

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл монетаның дизайнында Батыс Түрік қағанатының Отырар әміршісі соққызған VII-VIII ғасырлардағы монетаның бейнесі пайдаланылды.

Монетаның бет жағының (аверсінде) ортасында Батыс Түрік қағанатының Отырар әміршісі соққызған ежелгі қола монетаның бейнесі берілген. Айналдыра монетаның номиналын білдіретін "500 ТЕҢГЕ" деген жазу және мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" деген жазу, соғылған жылын білдіретін "2007" деген сан, ағылшын тілінде "REPUBLIС OF KAZAKHSTAN" деген жазу бар. Жазулар мен сан нүктелермен бөлінген.

Монетаның сырт жағының (реверсі) орта тұсында нумизматикалық раритеттің басқа беті бейнеленген. Жоғарғы жағында айналдыра нүктелермен бөлінген мемлекеттік тілде "ОТЫРАР МОНЕТАСЫ" деген жазу және ағылшын тілінде "COIN OF OTRAR" деген жазу бар. Төменгі жағында айналдыра ғалымдардың ойынша осы монетаның шыққан ғасырларын білдіретін "с.VII-VIIIғ." деген жазу, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің логотипі және монетаның жасалған металын, оның сынамын және массасын білдіретін "Ag 925 31.1 gr." деген жазу бар. Жазулар мен логотип нүктелермен бөлінген. Жоғарғы және төменгі жақтағы жазулар ұлттық ою-өрнектің екі элементімен бөлінген.

Монетаның бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі.

Қыры (гурт) бүдірленген.

Монета сынамы 925 күмістен дайындалған, массасы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындалу сапасы - "proof", таралымы - 4 мың дана.