Қазақстан Президенті еліміздің алдағы 5 жылдағы ұлттық жоспарына қол қойды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Онда не айтылған, қандай мақсаттар қойылған, оған жету жолдары қандай деген сұрақтарды қаржы сарапшысы Айбар Олжаев талдады.
Биыл қабылданған ұлттық жоспарда 17 даму бағыты 4 блокқа топтастырылған. Атап айтқанда, өмір сапасын жақсарту, экономиканың іргетасын мығым ету, дамудың жаңа нүктелері мен экономика мен қоғамды түбегейлі өзгерту арқылы қайта құру.
Экономикалық өсім бойынша жоспардағы көрсеткіш мынадай: 2029 жылға қарай ЖІӨ 450 млрд доллар болып, экономикалық өсу қарқыны 6,7% құрайды делінген. Ал Қазақстанның бүгінгі таңдағы көрсеткішіне қарасақ, ЖІӨ 264 млрд доллар, ал 2023 жылғы өсім 5,1% болған. Мамандар мен сарапшылар ЖІӨ-ді 5 жыл ішінде екі есеге арттыру үшін енді тура солай екі есе қарқынды жұмыс істеу керек деген ойда.
Келесі пункт - халықтың әл-ауқаты, материалдық жағдайы. Қазір Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 277 долларды құрайды. Ал жоспарға сәйкес 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 21 055 долларға жетуі керек. Бұл жерде Джини индексін де ұмытпау керекпіз. Ия, жан басына 20 мың доллардан асса да, ол қаншалықты әділ үлестірілді деген мәселені көкейде ұстауымыз тиіс.
Денсаулық пен өмір сүру ұзақтығы. 2029 жылға қарай елдегі орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа ұзартамыз. Ол үшін медициналық көмектің сапасын арттырып, денсаулық сақтауды қолжетімді әрі сапалы ету жоспарланған екен. Қазақстан медицинасында қарқынды даму бар, тек қолжетімділіктен айрылып қалғандай. Тісті Ташкентте, жүрек пен көз жанарын Бішкекте тексерте бастағанымыз көп нәрседен хабар беріп тұр.
Тағы бір маңызды бағыт - халықты әлеуметтік қорғау. 2029 жылға қарай аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету артады, зейнетақы мен жәрдемақы көлемі көбейеді. Бұл бағытта балық емес, қармақ жүйесін қолдану дұрыстау. Көмек тек қана дайын ақшаны беруге негізделсе, біз бюджеттік тұзаққа одан әрі шырмала бермекпіз.
Жоспар жаман емес. Стратегиялық құжат болғандықтан, ол мемлекеттік органдардың жылдық жоспарларын үстінен басатын болады. Біз жоспарларды жақсы жасайтын елміз. 30 жыл бойы небір ғажап жоспар көз алдымыздан өтті.
Сондықтан жоспарды орындалса ғана жақсы деуге болады. Оның жауабын бес жылдан кейін аламыз.
Не де болса жоспар мықты, енді орындалуы да соған сай болса, керемет болар еді.