Қазір «Астана-Арена» стадионында ертеңгі матчқа соңғы дайындықтар басталады. Қарағандылық «Шахтердің» мұндай үлкен алаңда алғашқы рет ойын көрсету болғандықтан, отандық футбол командасы әзірліктің өзіне аса жауапкершілікпен қарап, әрбір қадамдарын алдын ала пысықтап алмақ.
Қазақ футболының тарихына жаңалық енгізген міне, мына жігіттер. Еурокубоктарда ел намысын абыроймен қорғап келе жатқан Қарағандының «Шахтер» футбол клубы бір апта бұрын албаниялық «Скендербеу» клубын ойсырата жеңіп, плей-оффқа жолдама алып еді. Енді ертең жерлестеріміз өз елінде 44 рет жеңімпаз атанған шотландиялық «Селтикпен» кездеседі.
Виктор Кумыков, «Шахтер» ФК Бас жаттықтырушысы:
- Әрине, отандық команда үлкен матчқа дайын. Бар мүмкіндігімізді көрсетуге тырысамыз. Сондай-ақ, «Селтиктің» еуропалық деңгейдегі тәжірибелі команда екенін жақсы түсінеміз. Алайда, біздің ойыншылардың да оңайлықпен тізе бүкпейтініне сенімдімін.
Шеберліктеріне отандық команданың мүшелері де сенімді. Футболшыларымыз бір апта бойы қарсыластарының қыр-сырын асықпай зерделепті. Алаңда асыр салып жүгіріп, алысып-тартысып ойнағанды ұнататын қызуқанды шотландықтарға қарсы тойтарыс берерліктей «Шахтердің» де өз әдісі бар екен.
Андрей Финонченко, «Шахтер» ФК капитаны:
- Чемпиондар лигасында плей-оффта өнер көрсету әрбір футболшының арманы. Біз сол мақсатқа жеттік. Әсіресе "Скендербеуді" жеңгеннен кейім команда ойыншыларында ерекше сенімділік пайда болды. Дайындыққа келер болсақ, соңғы бір аптада «Селтиктің» бірнеше ойындарын қарап шықтық, әдіс-тәсілдерін байқадық. Меніңше, біздің жеңіске жетуімізге ешқандай кедергі жоқ.
Шотландиялық «Селтик» командасы да қазір Астанада. Шетелдік футболшылар Сары-арқаның ауа-райына бой үйрету үшін Елордаға ойыннан екі күн бұрын жетіпті. «Сақтықта қорлық жоқ» дегенді алға тартқан қонақтар өздерімен бірге ауыз су мен тіпті аспаздарын да ала келген көрінеді.
«Астана-Аренада» өтетін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін тамашалауға ниеттілердің санында шек жоқ. Қазірдің өзінде матчка бөлінген билеттердің барлығы сатылып кетіпті. Айта кетейік, тартысты бәсекені ертең 21:00-де КТК телеарнасы тікелей эфирде көрсететін болады. Ал, Астанадағы кездесуден кейін бір аптадан соң қос команда Глазго қаласында жүздеседі.