«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтпекпіз. Сондықтан осы айтулы мереке аясында елеулі спорттық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда 19-20 тамыз аралығында елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында І Спорт форумы өтеді», - деді комитет басшысы.
Атап айтқанда, осы алғашқы форумда еліміздегі қоғамның, бизнестің және спорттың өзара ынтымақтастығы мен әрекет етуі тұрғысындағы өзекті мәселелер талқыланады. Елсияр Қанағатовтың айтуынша, аталған алқалы жиын аясында маңызды кездесулер, дөңгелек үстелдер, көрмелер өтеді, сондай-ақ жеті министрлік арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.
Сонымен қатар форум шеңберінде Астанада қазақ күресінен алғаш рет «Қазақстан барысы» атты республикалық турнир өтеді. Бұл ақтық сайысқа еліміздің барша өңірінен 64 балуан қатысады.
20 тамызда бұл тартысты дода Астанадағы сыйымдылығы 4 мың адамды құрайтын «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Балуандар күресінің тікелей көрсетілімін «Еуразия» бірінші телеарнасы» қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік жоба, яғни оған барлығы қатысуға мүмкіндік алды.
64 балуанның белдесуі «Күш атасын танымас» қағидасы бойынша өтеді, яғни салмаққа шек қойылмайды. Бас жүлдегер Алтын белбеу мен 150 мың АҚШ долларын иеленеді. Ал оның жаттықтырушысына 50 мың доллар табыс етіледі. Екінші орынды жеңіп алған балуанға 30 мың доллар беріледі (жаттықтырушысына 10 мың доллар). Сондай-ақ үшінші орынға табан тіреген балуан 10 мың долларға қол жеткізеді (жаттықтырушысына 5 мың АҚШ доллары).
Атап айтқанда, жүлде қорындағы 200 мыңнан астам АҚШ долларын Қызылорда облысының әкімдігі, бизнес өкілдер бәйгеге тігіп отыр.
Сонымен қатар бұл жоба бойынша бекітілген талаптың бірі - 64 балуанның әрқайсысы өзімен бірге түлкінің немесе қасқырдың терісін кілемге алып шығуы тиіс. Жеңімпаз балуан қарсыласы алып келген теріні иеленіп отырады. Нәтижесінде, қарсыластарын тізе бүктірген балуан аталған терілер мен 150 АҚШ долларын қанжығасына байлайды.