"Ертең бойжеткенде нағыз ха-ха, хе-хе-сі көп, ырбаңдаған кыздар осыдан шығады"

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Журналист ән айтып жүрген бүлдіршін жайлы өз ойын Instagram парақшасында жазды.

"Айттым ғой, біздің елде балаларға стимул болатын 3-ақ мамандық қалды: Әнші, Асаба, Актер.

Осы Инабат деген қызды біраздан инстаграмнан көріп, жүрегім ауырып жүр ед. Туыстары балалығын ұрлап, ақша табу жолында пайдаланып жүр. Өзі сүп-сүйкімді. Бірақ, үлкендерше киіндіріп, бояндырып, кекілін қиып, қимыл - қозғалысты үйретіп қойған. Не деген сұмдық?! Ертең бойжеткенде нағыз ха-ха, хе-хе-сі көп, ырбаңдаған кыздар осыдан шығады. Сағат 21-22ден кейін ұйықтаудың орына, той тойлап жүр. Осындай балалардың әке - шешелері жұмыс істемейді де, Құдай біледі! Баласына өзгелердің тамсанғанына, қолына ақша ұстатып жүргеніне намыстанбай ма? Өздері тегін тамақ ішееееп отыратындарына мәз шығар.

Бала өнерлі болса, конкурстарға қатыссын. Бірақ енді дәл осылай киіндіріп, бояндырып, тәтті қылығын тойларда пайдалану дегенді түсінбеймін.

Қазақ бизнесті тек тойдың айналасынан іздейтін болды ғой. Ылғи той ұйымдастырғыштар, бір әншінің қасында он жігіт жүреді. Біреуі охрана, екіншісі пияр менеджер, үшіншісі костюм тасығыш, тортіншісі шай құйғыш... кете береді. Осыдан кейін, ешкім жанын қинап жұмыс істегісі келмейді. "Той - қазақтың қазынасы" деп қойып, бәріміз гәккулеп жүруіміз керек пе? Кішкентайларымызға ән айтқыза бергенше, неге робототехника саласына баулымасқа? Өнертапқыштардың санын арттырып, білім-ғылым, техниканы неге дамытпасқа? Ал, біздің жастар жаппай тойдың айналасына кетіп барады. Ойланатын мәселе ме, сіз үшін?

Мына Инабат деген қызға қатысты айтайын дегенім, балалардың құқығын қорғау орындары бар болса, неге тиым салмайды екен? Бала-бақша, мектебінен қадағалау болу керек қой. Осыны көреді де, басқа балалар да шығады бір күні.Балапандардың өнер көрсеткені маған да ұнайды, үлкен сахналарға шықсын, жасына сай ән жаздырсын (той әндері емес) . Туған - туыстың арасында айтсын, ал мынадай ақша табу жолында емес" - деп жазды журналист.