Оқу-жаттығулардың бірінші сатысы - командалық-штабтық жаттығулар - Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің Әскери институтының базасында өтеді. Оған Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше алты ел - Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Армения және Беларусь Республикаларының оперативтік топтарының өкілдері, сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының тұрақты жұмыс істеуші органдары - Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштердің оперативтік топтары мен штабының өкілдері қатысады.
З.Сироджовтың хабарлауынша, оқу-жаттығуларды командалық-штабтық жаттығулардың жетекшісі, Тәжікстан қорғаныс министрі Шерали Хайруллоев ашады. Бірінші фаза барысында штабтардың тәжірибелік іс-қызметіне қатысты мақсаттар айқындалып, ұжымдық шешімдер қабылдау және ұсыныстар әзірлеу жөніндегі тұрақты мақсаттарды жүзеге асыру, қажет жағдайда аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар дәйектеледі.
Ал қару түрлері мен авиацияны пайдалану арқылы жүзеге асырылатын оқу-жаттығулардың екінші фазасы 4-сәуірде Душанбеден оңтүстікке қарай 200 шақырым жердегі Эшак Майдан полигонында өтеді. Оған Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштерді құрайтын Орталық Азия аймағындағы үш мемлекет - Қырғызстан, Қазақстан және Тәжікстан мен Ресей қарулы күштерінің жасақтары қатысады.
Командалық-штабтық жаттығуларға Қырғызстан атынан Қорғаныс министрлігінің арнаулы бөлімшесінің взводы мен жүк тасушы екі тікұшағы, ал Қазақстан атынан ұтқыр күштер ротасы қатысады. Ресейден Тәжікстанда орналасқан авиатоп пен 4-ші ресейлік әскери базаның 500 жауынгері қатысады. Ал Тәжікстан атынан Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштерге қамтылатын мобильді күштердің батальондарымен бірге республика қарулы күштерінің басқа да әскер түрлері, шекарашылар, төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің құтқарушылары, Тәжікстан құқық қорғау мекемелерінің өкілдері қатысады. Оқу-жаттығулардың соңғы сатысында жауынгерлік атыстар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Тәжікстанға Ресейдің Приволжье-Орал әскери округі әскерлерінің қолбасшысы Владимир Болдырев келді. Ол алдағы күндері Ресейлік бөлімшелердің жаттығуларға дайындық жағдайын тексермекші.