ҚР Президенттік мәдениет орталығында қала күні қарсаңында игі шаралар өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған. Биыл да Орталық қала тұрғындары мен қонақтарына бейнелеу және қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін тамашалау мүмкіндігін сыйлағалы отыр.
Көрмеге Қазақстан суретшілерінің азат елдің дамуы мен ұлттың мәдениеті жайлы шығармалары енгізілді. Келушілер бейнелеу өнерінде буыны қатып үлгірмеген жас суретшілер мен өз ісінің хас шеберлерінің ұлттық тақырыптағы еңбектерімен таныса алады.
Көрменің мақсаты - Қазақстан қылқалам шеберлерінің бейнелеу өнеріндегі еңбектерін насихаттау.
«Кескіндеме», «Мүсін», «Графика», «Тоқыма» және «Зергерлік бұйымдар» бөлімдерінде 72 суретшінің барлығы 140-тан астам туындысы ұсынылады.
Іс-шараға ҚР Президент Әкімшілігі, ҚР Парламенті депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, елшіліктер өкілдері, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысады деп күтілуде.