Ертең «Сағаттар сыр шертеді» атты көрме ашылады

Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Халықаралық мұражай күні қарсаңында игі шаралар өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған. Биыл да орталық мұражай қорындағы сағаттар негізінде қала тұрғындары мен қонақтарына әр түрлі дәуірге қатысты уақыт өлшемінің тарихи беттерін парақтайтын сағат шеберлерінің туындыларын тамашалау мүмкіндігін сыйлағалы отыр.

Аталған көрмеде көрермендер орталықтың негізгі қорынан алынған XIX ғ. аяғы -XX ғ. басындағы, Ұлы Отан соғыс кезіндегі, тың игеру жылдарындағы және еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңіндегі сағат шеберлерінің қабырға, қалта, қол, мұнаралы және т.б. түрлерінен жинақталған әртүрлі үлгідегі 50-ге жуық сағат туындыларын тамашалай алады.

Олардың ішінде аттары аңызға айналған «Павел Буре», «Longines», «Omega», «Orient», «Слава», «Янтарь» фирмаларының қалта сағаттарын, атақты ақмолалық Кубрин көпесінің үйіндегі бөлме сағатын, генерал-майор, ҰОС жылдарында Берлиндегі әскери қимылдардың қатысушысы А.Попечителевтің жеке кешенінен алынған Геббельстің аға хатшысына тиесілі трофейлік сағатын, ҰОС ардагері Б.Б.Байтасовтың, көрнекті саяси қайраткер М.Т.Оспановтың, ғылыми қайраткер Ә.Ермековтың, 1917 ж. революцияның белді қатысушысы, темір жол құрылысының ардагері Е.Ф.Березневтың, ҰОС жылдарында Тегерандағы «Ирансовтранстың» жұмыскері М.П.Одинцованың, И.Е.Корниловтың сағаттарын ерекше атап өтуге болады.

Сондай-ақ, келушілердің назарына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Литва Республикасының Президенті А.Бразаускастың сыйға тартқан үстел сағаты ұсынылады.

Іс-шараға ҚР Мәдениет министрлігі, БАҚ өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттің оқытушылары мен студенттері, сонымен қатар қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар қатысады.

Көрме 25 мамырға дейін жалғасады.