"Ертіс" ел чемпионатында тағы топ жарды

Команданың бірі төрт рет жеңгенше жалғасатын ақтық серия, көпке созылған жоқ. Сол төрт кездеудің бәрінде мерейі үстем болған «Ертіс»  өзінің  чемпиондық атағын сақтап қалды. Дегенмен соңғы шешуші матч  тартысты өтті.  Кездесудің бірінші бөлігі 2:2 есебімен аяқталса, үзілістен кейін «Арланды» екі мәрте қапы қалдырған «Ертіс» есепте алға шықты. Бірақ соңына дейін таласып баққан көкшеліктер реті келгенде есепті қысқартып үлгерді. Алайда  осы нәтижені ұстап қалуға барын салған «Ертіс»,  «Арланның»  амалын іске асырмай тастады.      

Францияда  классикалық «Париж-Рубэ» біркүндігі мәресіне жетті.  Жылтыраған қара  асфальт пен тас төселген шаңды жолдар ұштасқан күрделі велодода  шабандоздарға оңай тимеді. Жайсыз жолдар арқылы өрбіген жарыс барысында күтпеген оқиғалар да  аз болған жоқ. 

Соның салдарынан жол бойы техникалық және медициналық жәрдемге жүгінгендер көп болды. Әйтседе, биылғы веложарыста голландиялық   Ники Трепстраның бағы жанды. Көмбеге алты шақырымдай қалғанда  қасындағы жолсеріктерін тастап шыққан Трепстра  велодромға бірінші жетті. Екінші орын үшін болған спринтерлік бәсекеде неміс Джон Дегенкольб үздік шықты.  Алғашқы үшітікті швейцариялық Фабиан Канчеллара түйіндеді.  Астаналық Борут Бозичтің жоғары орыннан көрінуі әбден мүмкін еді. Қырсық шалғанда ерден ауып қалған словениялық шабандоз алдыңғы лектен көз жазып қала берді. Ол астындағы велосипедін алмастырғанша қасындағылыр қарасын көрсетпей кете барды.


Футболдан италия чемпионатының 33-ші турында «Ювентус» кезекті жеңісіне қол жеткізді. «Удинезеге» қонаққа барған Туриндік клуб жергілікті командадан 0:2 есебімен басым түсті.

Ойынның 16-шы минутында «Ювентус» есепте алға шықты. Себастьян Джовинко мергендігімен танылды. Араға 10-минут салып бұрыштама добынан кейін Фернандо Льоренте есепті еселей түсті. Екінші таймда таблодағы есеп өзгермеді. Нәтижесінде қорытынды есеп 0:2. Бұл жеңістен кейін Антонино Конте командасы 87-ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр. Ал «Удинезе» 38-ұпаймен 14-ші орынға жайғасты.