Есентаева КешYOU концертіне Мөлдір мен Жанардың не себепті келмегенін түсіндірді

Мамырдың 24-і күні КешYOU тобының 10 жылдығына орай концерттері өткен-ді. Аталған концертте Кәмшат Жолдыбаева, Айдана Меденова, Әнел Әрінова, Зумрад Гареева, Жұлдыз Өмірғали, Ақбота Сейтмағамбет және Балжан Бидаш өнер көрсеткен. Тіпті жуырда “Баян ханым, мені алыңызшы” деп жар салған рэпер Асыл Мұраның өзі де қатысқан. Бірақ мерейтойға Мөлдір мен Жанар қатыспаған. Мұның себебін Баян Есентаеваның өзі түсіндіріп берді.

“Өкінішке орай, өмірде түрлі дүние болып жатады. Адамдар бір-бірімен ренжісіп айырылысуы мүмкін. Мұны жақсы немесе жаман деп айтуға болмайды. Бұл бар болғаны өмір ғана. Екі солисіміздің келмеуінің себебі осы десем де болады”, – дейді Баян Есентаева.


Ал Бағым Мұхиденова бұл әншілерді концертке шақыру мүлдем дерлік ойда болмағанын айтады.

“Оларды концертке шақырту біздің қолымыздан келмей қалған жоқ. Бар болғаны олармен бірге жұмыс істегіміз келмеді”, – дейді Бағым Мұхиденова.

Десе де, қос продюсер жабулы қазанның қақпағын сол күйінде қалдырып, арада қандай түсініспеушілік орын алғанын айтпады. Концертті Айдана Меденова мен Кәмшат Жолдыбаева жүргізді. Әншілер тек топ құрамында өнер көрсетіп, хит әндерді орындаған.