Есеп берген Алматы әкіміне батыл сұрақ қойған ешкім болмады

Есімовтің есебін тыңдауға келгендер биыл да көп. Арасында ат терлетіп, Астанадан арнайы жеткен қонақтар да бар. Бұл жолы тіпті Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өзі келіпті.

- Құрметті қауым, алматылықтар, құрметті Бердібек Мәшбекұлы. Бүгін біз өздеріңізбен бірге қаламыздың өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылайтын кездесуде бас қосып отырмыз!

Алматы әкімі осылай деп сөзін қазақша бастағанымен, жиын әрі қарай ресми тілде кетті. Тек бірен-саран сұраққа мемлекеттік тілде жауап қатқаны болмаса. Ал атқарылған іс орасан дейді әкім.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

-Бір жыл ішінде біраз іс атқарылды. Мәселен, биыл Алматы мемлекеттік бюджетке 1 триллион 430 миллиард теңге құйды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 жарым пайызға артық. 7 мың 424 адам жұмыспен қамтылды.

Қала бюджетінің өзі 353 млрд. теңге кіріспен толығыпты. Енді әкімдік осы қаржыны тиімді жұмсауды жоспарлап отыр. Мәселен, биыл ең алдымен ескі құбырларды алмастыру ісі жүргізілмек. Одан басқа жолайрықтар мен метрополитен құрылысы жалғасады.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

- Көбі қазір «Метроның» құрылысы тоқтайды деген әңгіме айтып жүр. Тоқтамайды. Жер асты жолының жұмысы биыл да жалғасады. Оған бюджеттен 8 миллиард теңге бөлуді қарастырып отырмыз.

2 сағат тұрып баяндамасын аяқтаған әкім, орнына жайғасысымен көпшіліктің қояр сұрағана кезек берді. Арасында жазбаша қойылғандары да бар. Тек бұл жолы сауалдардың дені ұсақ-түйектің төңірегінде. Мәселен, «сыра неге пластик бөтелкеге құйып сатылмайды?» деген сынды.


-Сыра деген арақ емес, сусын ғой дейді. Түсінем, жазда ыстық. Шөлдейді. Ол пластикалық бөтелкеде болса қарсылық жоқ.

Қатқылдау сұрақ қоятындарды әкімдік биыл есіктен сығалатпаған сыңайлы. Әйтпесе айқайға салатын бір-екі адам жылда табылатын еді. Ешкім жағадан алмаған соң болар, Есімовтың бүгін көңілі жайлы. Жалпы, Алматы әкімі биыл жабайы сауданы түбегейлі тыймақшы. Яғни, күн жылысымен бірден 21 базар сүрілгелі отыр. Бұдан бөлек, тағы бір ірі құрылыс басталады. Ол – Нараузыбай ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы. Ескі үйлерді жаңарту, үлескерлер мәселесін шешу жұмыстары да жалғаса береді деп сендірді шаһар басшысы.

Loading...