Есеп комитеті: Сенат пен Мәжіліс бюджеттің 3 миллиардқа жуық теңгесін заңсыз жұмсаған

Қайта-қайта кеңесіп, қобалжып жүрген, ым-жымы бір шенеуніктер Шығыс Қазақстаннан келген. Олар Есеп комитетінің алдында емтихан тапсырмақ. Атқамінерлер қазынаның әр тиыны қалай жұмсалғаны  және қанша қаржыны құрдымға жібергендерін түсіндіріп беруі тиіс. Ал аймақ бойынша рәсу болған ақша аз емес екен.

Александр Горянинов, Есеп комитетінің мүшесі:

- Шығыс Қазақстан облысы бойынша 41 миллиард теңгенің  заңсыз жұмсалғаны  анықталды. Ал бюджеттің  3 миллиард теңгесі  негізсіз игерілген. Жалпы, облыс жыл бойы 117  миллиард теңге игерген.

Соның кесірінен Риддер қаласындағы 60 пәтерлі 3 үйдің құрылысы уақытылы аяқталмай, ондаған отбасы баспанасыз далада қаңғып жүр.  Ол аздай, дәл осы қаланың атқамінерлері  мүлдем салынып бітпеген көпір үшін  қазынаның  қыруар қаржысын жұмсап жіберген.

Қозыкөрпеш Жаңбыршин, Есеп комитетінің төрағасы:

- Как вы могли 9,5 миллион теңгені оплатить за невыполненную работу при стройтельстве моста? Работа невыпалнена. Жол істелмеген, ақшаны қалай төлейсіңдер сендер?

Ал, Шығыс Қазақстандағы ауылдар ауыз суға жарымай отыр. Бұл салада да шенеуніктер бюджеттен бөлінген ақшаны мақсатсыз жұмсап, жұртты  шөлдетіп отыр. Әсіресе, Семей, Аягөздегі жағдай мүшкіл. Облыс әкімі бар былыққа жауап бер деп орынбарын жіберген екен. Нұрымбет Сақтағанов ұшты-күйлі жоғалған қазынаның миллиардтары үшін төрт адамды жауапқа тарттық деп құтылды.

Қозыкөрпеш Жаңбыршин, Есеп комитетінің төрағасы:

- Егер мына мінберге шығып алып, тағы да бетіңіз қызарғанын қаламасаңыз, басты кінәлілерді жұмыстан шығарыңыздар. Ескерту жасадым, жазаладым деген болмайды. Содан кейін бұдан бұлай Есеп комитетінің жиынына дайындалып келіңдер, сұраққа жауап алайық нақты.

Есеп комитеті облыстардағы ғана емес, Парламенттегі де біраз былықтың бетін ашыпты. Депутаттар қызметтік көліктерімен оңды-солды қыдырып, сонысымен-еқ бюджетке 74 миллион шығын келтіріпті. Шаруашылық басқармасы сәулет, құрылысқа қажет деп тағы 365 миллион теңгені заңсыз жұмсаған. Ал, мемлекеттік сатып алу бойынша өткен тендрде  кім көрінген жеңіске жетіп, тапсырыс қабылдаған. Осылайша, Парламент жалпы бюджеттің 3 миллиардқа жуық теңгесін құрдымға жіберген. Есеп комитеті Парламентте жүргізген тексерулерін тек ресми сайтында жариялады. Ешкімді шақырып алып сөкпеді, тіпті ол жайында жақ ашқылары келмеді.

- Депутаттар мінген бе  ол көліктерді, қандай көліктер?

- Жоқ, жоқ, болмайды.

Ал, Есеп комиті  қазына қаржысын көзсіз жұмсаған шенеуніктердің тізімін Бас прокуратура мен Ақордаға жібереміз деп отыр. Сөйтіп, айыпты атқамінерлерді қатаң жазаламақ.  Сондықтан  жақын күндері аймақтардағы  бюджет ақшасын рәсуа еткен шенеуніктердің соңына құқық қорғаушылар май шам алып түсуі әбден мүмкін.

Loading...