Есеп комитетінің басшысы мәслихаттардың ревизиялық комиссияларын дербес мемлекеттік органға айналдыруды ұсынады

"Меніңше бүгінгі күні мәслихаттардың ревизиялық комиссияларын мәслихат хатшылығының аппаратынан шығарып, дербес мемлекеттік органға айналдыру дұрыс. Мәслихатқа есеп беретін, бірақ, Есеп комитетіне бағынышты, немесе мүлдем тәуелсіз мемлекеттік орган ретінде құрған жөн",- деді О.Өксікбаев бүгін сенаттың жалпы отырысында сөйлеген сөзінде. "Осындай ұсыныс қазір дайын",- деді ол.

Есеп комитеті басшысының пікірінше, "қазір ревизиялық комиссиялар заң жүзінде жұмыс істегенімен, іс жүзінде жоқтың қасы". "Бюджеттің атқарылуы мен жергілікті бюджеттерді олар қадағаламайды",- деді ол.

Дегенмен, О.Өксікбаевтың айтуынша, "кейбір атқарушы органдар мәслихаттардың ревизиялық комиссияларына артық дербестік беруге қарсы". "Бұл жергілікті жерлердегі әкімдердің шаруасы деген жауап беріледі. Әкімдер өз маңында мұндай орган құруға құлықсыз",- деді комитет басшысы.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті