"Есік ашық тұр, неге секіріп жүрсіңдер деп күлді": Зейнеттегі спецназ Рыжий Алмазды қалай ұстағанын айтып берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Дәулет Темірханов "Qazaq Uni" YouTube арнасына берген сұхбатында елді шулатқан рэкеттерді ұстауда қандай қиындықтарға тап болғанын айтты.

"90-шы жылдары рэкеттер өте қауіпті болды. Себебі олар ұйымдасқан қылмыстық топ болды. Сары Алмаз, қара Алмаз, Адай тобы, Киса, Атаба секілді топтар көп болды. Соларға қарсы күресу үшін Алматы және басқа қалалардағы ішкі істер органдарында басқарма құрылды. Рэкеттермен күресу басқармасы деп аталды. Ол топтардың барлығы бұрынғы спортшылар. Мен 1993 жылы Алматы қаласында арнайы мақсаттағы алғашқы бөлімді құрдым. Рэкеттер ол кезде мерседес, бмв секілді жылдам жүретін шетелдік көліктермен жүрсе, біз жигули, уазиктермен жүрдік. Оларға қуып жету біздің бөлімге өте қолайсыз болды. Олардың қолында спутниктік байланыс болса, бізде радио. Оның өзі бірде істеп, бірде істемейді. Осындай қиыншылықтар болды. Қару-жарақ, көлік жағынан ішкі істер саласы ұтылып тұрды", - дейді ол.

Отставкадағы полиция полковнигі сол кездегі арнайы жасақтағы сарбаздардың адалдығына да ерекше тоқталды.

"Киса лақап атымен танылған Қайрат Мысықбаев 1994 жылы Олимпиадаға кетемін деп билет алып қойыпты. Сол кезде соны ұстау үшін бізге қоңырау түсті. Біз ұстадық, сонда марқұм Қайрат бізге "еденнің астында 200 мың теңге жатыр, соны ал да мені қоя бер" деді. Егер оны босатып жіберсе, "қашып кетті, ұстай алмадық" ешкім білмейді де. Бірақ балалар оған көнбеген. Адалдық деген осы", - дейді ол.

Сондай-ақ, Рыжий Алмазды ұстау операциясы қалай жүзеге асқанын да жасырмады.

"1994 жылы басқармадан хабар келді. Шұғыл түрде шығыңдар деді. Оның Алматының ортасында үлкен үйі бар. Сонда тұрады екен. Сарбаздарды 3 топқа бөліп, кірдік. Есіктің аузында тұр екен. Бізге қарсылық та көрсеткен жоқ. "Есік ашық тұр, неге секіріп жүрсіңдер" деп күлді. Ол сондай сөзге шебер, ақылды, дипломат жігіт еді. Үйіне кірсек, қара пантерасы бар екен. Мылтықтар тізіліп тұр. Бәрінің құжаты бар. Адаммен жақсы сөйлеседі, заңды да біледі, психолог, адамды өзіне тарта біледі. Қазір кейбір адамдар оны "халық батыры" секілді көрсетуге тырысады. Ол кәсіп бастаған кезде кавказ ұлтының өкілдері тартып алмақшы болады. Содан қорғанамын деп өзі рэкет болып кетті", - дейді ол.

Дәулет Темірханов. Отставкадағы полиция полковнигі, Қазақстан Республикасындағы Арнайы мақсаттағы бөлімнің негізін қалаушы, Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері және қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы.