Алматы облысының Есік қаласында талап етілген ақшаны алып келмегені үшін жоғары сынып оқушылары жасөспірімді соққыға жықты. Оқушы қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазды "НеМолчиkz" қоры.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.
"Есікте жоғары сынып оқушылары ұл баладан ақша талап еткен. Жасөспірім жоғары сынып оқушыларына сұраған ақшасын беру үшін түнімен қар тазалап жүрген. Алайда бір күні ақша (баланың отбасы үшін бұл қомақты сома болған) алып келмегені үшін олар баланы көшеде ұрып-соққан", - деп жазылған қоғам белсенділерінің хабарламасында.
Бұл оқиға 6 желтоқсанда зорлық-зомбылықты видеоға түсіріп алған куәгерлердің көз алдында болған, мұны қоғам белсенділері жәбірленушінің туыстарына сілтеме жасап хабарлады.
Баланы ұрып-соғуды кездейсоқ куәгер тоқтатқан. Алайда оқушы үйіне келіп, есінен танып қалған.
Бір куәгер куә болуға келіскенімен, ауыл және мектеп әкімшілігімен тілдескеннен кейін бұл райынан қайтқан.
"Аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғамай, татуласуды сұрап отыр. Соныман қатар баланың анасына және басқа да балаларына қысым көрсетіпті. Қазір оқушы Есіктегі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер де әкімшілікпен сұхбаттасып, баланың анасымен сөйлесіп, тіс жармауды өтінген", - деп жазды қоғам белсенділері.
Ал волонтерлер зардап шеккен бала оқитын мектепте оқушыларға жоғары сынып оқушыларынан үнемі қысым көрсетілетінін анықтады.
Алматы облысы полиция департаменті оқушылар арасында болған жанжалды растады.
Полиция мәліметі бойынша бұл оқиға 6 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат ауылдық округінде болған.
"Тексеру барысында оқиға сабақтан кейін сағат 13:30 шамасында №1 мектептің 10 және 11 сынып оқушылары арасында болғаны анықталды. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалып, жағдайды анықтауға және істің оң шешілуіне бағытталған барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысын департамент басшысы өз бақылауына алды. Сонымен қатар осы факті бойынша іс материалдары жасөспірімдердің құқығын қорғау крмиссиясына жолданады.