Есірткінің түр-түрі жасалатын көз тамшыларының саудасын қадағалау мүмкін болмай тұр

Танысын ғана кіргізетін үй иесі құр қол келмеген қонақтарды қуана қарсы алады. Натальяның күйеуі көкнәр мен еріткіш және көз тамшыларынан жасалатын «химканы» әзірлеуге кірісті. Ал қоспаға қажетті заттар қазір дәріхана мен базарларда заңсыз түрде еркін саудалануда. «Тропикамид» сияқты көз тамшылары героиннің 1 граммынан 10 есе арзан болғанымен, салдары еш кем емес дейді мамандар.

Николай Васильев, Нашақорлар мен маскүнемдерге арналған оңалту орталығының директоры:

- Героин қолданғандар небәрі 3 күнде есін жия алады. Ал «тропикамид» пен «химкаға» тәуелділер кемі 10-15 күн ес-түссіз жағдайда жатады. Осыдан-ақ тәуелділіктің ауыр, әрі өліммен аяқталатын жағдайлар көбейгендігін аңғаруға болады.

Көк базарда көкнәрді келілеп сатқан Клара эфирден шыққан алғашқы материалдан соң-ақ дүниесін жинап жасырынып үлгерген. Ал дәрігер нұсқаулығы бойынша ғана берілетін «Тропикамидті» сұрағанның қолына ұстатқан дәріханада жағдай өзгеріссіз. Оларға тіпті ескерту де жасалмаған.

Ходят каждый день здесь, сюсюкаются, ищут что-то. Что вы ищите?! Что вам надо?!

- А вы хозяин этой аптеки?

- Какое твое дело? Я тебе не отвечаю. Уберайтесь отсюда.

Медициналық және фармацептикалық қызметті бақылау комитеті дәріханаларды тек жылына бір мәрте тексере алады екен. Оның өзінде прокуратура және қаржы полициясымен келісуі тиіс. Ал арыз түссе тексеріске кірісу үшін бір күн бұрын мекеме басшылығына хабар берілетіндіктен дәрі-дәрмек саудасын бақылау қиынға соғып отыр.


Ғалымжан Мырзахметов, Медициналық және фармацептикалық қызметті бақылау комитетінің бас сарапшысы
:

Жедел сатып алу функциясы біздің комитет құзыретіне кірмейді. Сондықтан оларды анықтау қиынға соғып отыр. Жедел іздестіру қызметі туралы заңда құқық қорғау органдары ғана сатып алуды жүргізе алады.

Ғаламторда химиялық нашаны пайдаланған адамдарға не болатындығы көрсетілген түрлі жантүршігерлік бейнежазбалар жетерлік. Бір мезеттік ләззат алудың салдарынан денелері іріңдеп, ішкі мүшелері шірісе де тоқтай алмайды. Ал героиннан құтыламын деп көз тамшыларына ауысқан нашақорлардың тәуелділігі арта түседі.

- Тропикамид, мидриацил және медакс деген көз тамшыларының осы үш түрін пайдаландық. 10 күн бұрын қабылдаған едім. Есімді міне, бүгін жиып отырмын. 

Осылайша арзан, әрі ләззат алу уақыты ұзақ болатын көз тамшыларының еркін саудасына тыйым салуға жауапты мамандар қолбайлаулы деп отыр. Тіпті дәрігер нұсқаулығын сұрамай сатып, қылмыс үстінде ұсталған провизорға тек әкімшілік айыппұл салынады екен. Осының арқасында олар заңға қайшы әрекет жасап, пайда табуда. Ал қолжетімді химиялық нашаға жүгінгендердің бірінші егуден соң көп дегенде бір жылдық өмірі қалады.