Ескерту: Астананың құрылыс нарығында алаяқ құрылыс компаниялар пайда болды

Құрылыс компаниялары туралы мәлімет білу үшін қала тұрғындары елорда әкімдігіне жүгінсе болады. Компаниялар туралы бүкіл ақпарат архитектура және қала салу басқармасының деректер қорында орналасқан. Бұл туралы Астана әкімі аппаратының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мәселен, биыл елорданың жылжымайтын нарығында «Альбаракат» компаниясы пайда болды. Қазақстан құрылыс жүргізушілер қауымдастығының мәліметі бойынша, компания тұрғын үй құрылысы мен оларды нарықтағыдан арзан бағамен сатуды көздейді. «Албаракат» компаниясының төлем дүйесі мынадай: бастапқы салым 25-33%, қалғанын пайызсыз артынанбөліп төлеу. Салымшы 25% бастапқы жарнасын құйып, қалғанын бес жылға бөліп төлейді.

Кейбір пәтерлерді сату «Албаракат» компаниясының «Баршаға баспана» әлеуметтік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Құрылыс мерзімінің басталуы мен тапсыру мерзімі тиісті рұқсат құжаттардың жеткіліксіздігі мен бас жоспардың түзетуінсіз үнемі шегеріледі.

Компания «Промышленный» тұрғын үйлер ауданында орналасқан «Шаржа» және «Интернациональный» кентіндегі «Прага» кешендерінде тиісті лицензиясыз инвестициялау келісімшартын бекітеді.

Құрылыс компаниясының «Шаржа» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат құжаттары жоқ. Сызба жобада жалған қол мен мөр қойылғаны анықталған. Архитектура және қала салу басқармасының деректер қорында сызба жобаны бекіту туралы мағлұмат жоқ.


Оның үстіне аталмыш кешенді салу мүмкін емес, йөткені құрылыс компаниясы үй салуды көздеген жер телімінің жартысы қалалық әкімдікке бағыныңқы ұйымы «Елорда даму» ЖШС-не «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде берілген.

Мұндай компаниялар өзінің қитұрқы әрекетімен Астана халқына арзан үй ала аласыздар деп алдап-арбайды. Бұл жағдайда құрылыс мүлде басталмайды, не болмаса ұзақ уақыт салынып бітпейді, немесе берген уәделеріне сәйкес келмейді. Соның кесірінен мемлекет пен өзге құрылыс компаниялары мұндай алақол компаниялардың міндеттерін орындау жөніндегі жауапкершілікті өз мойнына артуға мәжбүр болады.

Астана әкімдігі қала тұрғындарына сақ болуға, бәрін мұқият тексеріп барып, үй сатып алу туралы шешім қабылдауға кеңес береді.