Ескірмейтін диснейлік ертегі көрерменге қазақ тілінде жол тартты


Бүгін Астанада картинаның алдын ала таныстырылымы болды. Ал толық көрсетілімі 6 наурыздан басталады. Әлемдік классиканың қатарына енген "Диснейлік" шығарманың көптеген экрандалған нұсқалары бар, сонымен қатар бұл оқиға қаншама мультфильмдерге де арқау болды. 2015 жылдың "Күлше қызына" жасаушылар шамамен 250 млн доллар жұмсаған. Лентаны түсіруге тәжірибелі режиссер Кеннет Брандт шақырылған. 

Фильмде негізгі оқиға желісі көп өзгеріске түспеген, дегенмен киноертегінің кейбір тұстары заманға сай бейімделген. Әкесі өлген соң басты рөлдегі Элла есімді қыз (Лили Джеймс, «Беті қайтқандар») өзінің өгей шешесі (Кейт Бланшетт, «Бенджамин Баттонның жұмбақ өмірі»)  мен оның екі ақымақ қызының күңіне айналады. Бірақ Күлше қыз тағдырдың тезіне мойымайды, оған қиын сәттерде анасының "Берік бол және жақсылыққа сен!" деген аманаты күш береді. Дәл осы аманат оған жолындағы барлық ауырлықты жеңіп шығып, ханзаданың (Ричард Медден, «Тақтар ойыны») жүрегін жаулауға көмектеседі.  

Айта кетейік, «Күлше қыз» - кәсіби түрде қазақшаға дубляждалған оныншы мерейтойлық голливудтық блокбастер. Әлемдік кассалық картиналарды қазақша дубляждау идеясын бірнеше жыл бойы "Болашақ" қауымдастығы демеушілермен бірге іске асырып келеді. Бұған дейін Анджелина Джоли түскен "Малефисента", Джонни Депп басты рөлді сомдаған "Жалғыз рейнджер", Уилл Смиттің қатысуымен түсірілген "Қара киімділер-3" және басқа да туындылар көгілдір экранға шыққан. Бұл жолы да "Күлше қыздың" қазақша "сөйлеуіне" "Нұр Отан" партиясы, "Бәйтерек" холдингі және "Меломан" компаниясы демеушілік етті. 

Фильмдегі басты кейіпкердің дауысын сомдаған Шехназа Қызыханованың айтуынша, бұл жұмыс оған өте қызықты әрі болашағына үлкен тәжірибе болды. Ол Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының үшінші курс студенті және ол бұл рөлге кастинг арқылы өтіп, жобаға тұңғыш рет қатысты. Көрсетілімге мектеп оқушылары, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, "Бәйтерек" холдингі басқарма төрағасы Қуандық Бишимбаев, бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және басқа да танымал тұлғалар тамашалады.