Есмағамбетова: Сайлау комиссиясының мүшелері тегін ПТР-тесттен өте алады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова өткен жылы вирусты зертханалық диагностикалау бойынша мүмкіндіктеріміз едәуір артқанын атап өтті.

Коронавирустық инфекция пандемиясы басталғалы ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеу сәуір айында тәулігіне жалпы қуаты 6000 тест болатын 19 зертханада жүргізілді, ал бүгінгі күні КВИ диагностикасын тәулігіне жалпы қуаты 100 мың зерттеуді құрайтын 132 зертхана мен 48 биологиялық материал алу пункті жүзеге асырады.

"Бүгінгі таңда 5 млн-нан астам зерттеу жүргізілді, күн сайын зертханалармен 40 мыңға дейін тест жүргізіледі. Осылайша, зертханалардың резервтік қуаты 60 мың зерттеуді құрайды, қазіргі уақытта бұл қуат сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады", - деді Есмағамбетова.

Бұған қоса, ол сайлау комиссияларының мүшелері, бақылаушылар мен сенім білдірілген адамдар 3 қаңтар күні сағат 24.00-ге дейін тегін ПТР-тестілеуден өту үшін өтінім бере алатынын мәлімдеді. 


"Бүгінгі таңда барлық денсаулық сақтау басқармаларында жауапты тұлғалар анықталды, олардың телефондарының тізімдері Мемсанэпидқадағалау комитетінің сайтында, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармаларының сайттарында жарияланған. 31 желтоқсаннан 3 қаңтар сағат 24.00-ге дейін сайлау комиссияларының мүшелерін, бақылаушылар мен сенім білдірілген адамдарды тегін ПТР-тестілеуден өткізу үшін өтінімдер қабылданады", - деді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова.