Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
2025 жылдың күзінде Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі: 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева және олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиевіз-түссіз жоғалып кеткен. 6 қаңтар күні отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды. Ал олардың балалары әлі де із-түссіз жоғалғандар қатарында.
Бүгінгі таңда полиция отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдіктіге іздеу жариялады. Әзірге бұл істе басты күдікті – әулеттің 29 жастағы күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев.
Күдіктінің ата-анасы, марқұмның құдасы "Qazaq Airan" YouTube арнасына берген сұхбатында ұлының мұндай жауыздыққа баратынына сенбейтінін айтады.
"Мен қазір телефон қарап отырсам, кінәнің барлығын бір жаққа бұрып қойып, айтпай жатқан сөздері жоқ. Ол нәрсені Сұлтан жасайды деген нәрсе үш ұйықтасам да түсіме кірмейді. 100% сенемін. Қой бауыздай алмайтын, соған дәті бармайтын кісі мұндай іске қалай барады?! Анау кәсіби маньяктың жасайтын жұмысы ғой. Өшпенділік жасайтындай көшедегі кісі емес, туған ата-енесі. Қасында әйелі жүр. Төбеден түскендей, айтатын әңгіме де жоқ. Сұлтан - кенже балам. Мінезінде алып бара жатқан тентектігі жоқ. Жуас, көп адаммен сөйлеспейді. Онымен соңғы рет қазан айында сөйлестім. Сол кезде келін, Ақбаянды емдетемін, көрсетемін деп қалаға кетті. Ақбаян - бірінші топ мүгедек. Бір жылдан бері ем алса да нәтиже жоқ. Есте сақтау қабілеті жоқ, балаларын да танымайды. Ақбаян психикалық диспансерге тіркелген", - дейді ол.
Сондай-ақ, күдіктінің әкесі "Сұлтанның әпкесі Сирияға барып келген" деген ақпаратты да растады.
"Оны күйеуі бала-шағасымен қыдырамыз деп алдап, алып кеткен. Сосын "Жусан" операциясымен елге қайтты. Күйеу балам сол жақта қайтыс болған. Қазір қызыммен бұл тақырыпта әңгіме қозғамаймыз", - дейді ол.