ЕурАзЭҚ аясында еңбек көші-қонына қатысты мәселелерді шешу қажет - Қырғызстан вице-премьері

Вице-премьердің пікірінше, "мәселені халықтың көші-қонын бақылаудың қарапайым, ашық әрі баршаға түсінікті шаралары аясында шешу қажет". "Еңбек көші-қоны мәселесіне қатысты қабылдаушы жақ ретінде Ресей мен Қазақстанды, ал азаматтары еңбек мигранттарына айналған Тәжікстан мен Қырғызстанды бірдей алаңдатып отырған тауқыметтерді өзара келісе шешу қажет",- деді ол.

К.Жумалиевтің айтуынша, Қоғамдастық елдері аумағында азаматтардың уақытша еңбек миграциясы туралы келісімнің жобасы жасалған, бірақ ол "ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі отырысының қарауына шығарылған жоқ".
Қырғызстан вице-премьері "келісім жобасын қайтадан қарап, ЕурАзЭҚ-қа мүше-елдер еңбеккерлерінің тең құқығын қамтамасыз ету үшін жобаны толықтыру қажет" деген ұсыныс жасады. "ЕурАзЭҚ-қа мүше-елдер тұрғындарының жұмыс іздеу тұрғысындағы мобильділік жағдайын арттыру, еңбек миграциясы принциптерін жасау барысын жеделдету қажет",- дейді К.Жумалиев.