ЕурАзЭҚ бас хатшысы Тайыр Мансұровтың айтуынша, "Кедендік одақты құру бойынша бұдан былайғы іс-қызмет аясы айқындалды". Ол Ресей, Беларусь пен Қазақстанның кедендік одағын құрудың құқықтық негіздерін қалыптастыру жұмыстары аяқталғанын еске салды. "Кедендік одақты 2010 жылға дейін құру жөніндегі басты мақсаттарды шешуге мүмкіндік беретін 13 құжатқа қол қойылды", -деді Т.Мансұров.
Отырысқа қатысушылар сондай-ақ, кедендік қызметтердің ақпараттық ықпалдастығының біртұтас принциптері туралы және инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдердің жобасын мақұлдады.
ЕурАзЭҚ 2000-жылдың қазан айында құрылған. Қоғамдастыққа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан енеді. Армения, Молдова және Украина Қоғамдастық жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие. ЕурАзЭҚ аясындағы Кедендік одақ бірінші кезеңде Ресей, Беларусь пен Қазақстанның қатысуымен құрылады.